Кітапты таңдай білу, оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымының құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу. Бұл – әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі.

23 сәуір - Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай кітапханада  «Өмірімді өзгерткен кітап» тақырыбында диалог – кездесу өтті.

Шараға ҚР Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, өлкетанушы, кітапханамыздың ардагер оқырманы Аман Жағдаұлы Жанғожин, тарихшы-ғалым, этнограф, өлкетанушы Темірғали Тілеубекұлы Аршабеков, Н.В.Гоголь атындағы ОӘҒК кітапханашысы Алмагүл Сәдуақасқызы Ахмадиева және Қарағанды қаласы мектептерінің кітапханашылары мен Қарағанды мейіргерлік колледжінің студентері қатысты.

Жалпы шараның мақсаты «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру болғандықтан, оқырман қауым сөз арасында ойларында жүрген сұрақтарын қойып, ойнатылған викторинаға қатысып, сыйлыққа кітапқа ие болып жатты.

«Тиыннан теңге құралғандай әр оқылған кітаптан білім жиналады» демекші, оқыған азды-көпті кітаптарымыздың әрқайсысы, жанымызға азық болатыны ақиқат.

Сөз кезегін алған Аман Жағдаұлы мен Темірғали Тілеубекұлы өздерінің журналист, тарихшы-ғалым болып қалыптасуына бала кезінде оқыған қазақ батырлары жыры, қиссалары, тарихи романдар, Ақселеу Сейдімбектің «Күңгір, күңгір күмбездері» кітаптары екенін ортаға салып,  өз шығармасының жазылу тарихын айтып берді.

Алмагүл Сәдуақасқызы бала кезінен кітап оқуға құмар болуына атасының әсер еткенін, кішкентайынан айтыстарды жатқа оқып, ауылдағы шағын кітапханадан шықпайтындығын әңгімеледі.

Мектеп кітапханашыларыда балаларды қалай кітап оқуға қызықтыруға болатындығы жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен бірге оқырман қауымның назарына «Қарағандының әдеби өмірі» атты кітап көрмесі ұсынылды,

Адамдарды, әсіресе жастарды кітап оқуға шақыру, одан ләззат алуға баулу, адамзаттың мәдени және әлеуметтік өрлеуіне үлес қосқан авторларды құрметтеу, есімдерін ұлықтау болып табылған бұл шарадан оқырман қауым «кітап арқылы білімге ғана жол ашпаймыз, жаңа идеяларға кілт табамыз, рухани және материалдық құндылықтарға қол жеткіземіз, сұлулықты түсінеміз» деген оймен тарқасты.

 

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева

Ай кітабы