Бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындау – бүгінгі күннің басты талабы. Мектеп қабырғасында он бір жыл бойы білім алып, «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққаннан» кейінгі мәселе – болашақ мамандықты таңдау. Бұл жасөспірім өмірінің маңызды кезеңі. Себебі таңдаған мамандығы өмірінің бір бөлшегімен біте қайнасып жатады. Осы тақырыпқа сай 14 сәуір күні кітапханашылар Н. Нұрмақов  атындағы мамандырылған мектеп – лицей интернатының https://nurmakov.org.kz 9 сынып оқушыларымен «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты ақпараттық сағат өткізді.

Ақпараттық сағатың мақсаты: мамандық таңдауда жауапкершілікті қалыптастыру, оқушыларға мамандықтың түрлері, олардың адам өміріндегі маңызы туралы түсінік бере отырып, өз бейіміне сәйкес мамандық таңдай білуіне ықпал жасау, қазіргі заманның тапшы мамандықтарын көрсетіп, сол бағытқа қарай бағыттау.

 

Шара барысында оқушылардың назарына «Қандай мамандық иесі болам?» атты мерзімді басылымдарға шолу жасалды. Шолуда «Физика және Астрономия», «Биология және салауаттылық негізі», «QYLA», «Спорт жұлдыздары», «Мұғалім», «Заң», «Дефектология», «Информатика негіздері» т.б. әр - түрлі ғылым саласын қамтитын, мамандыққа байланысты қызықты ақпараттық журналдар таныстырылды.

Сонымен қатар «Танысыңыз: мамандық…» тақырыбында презентация ұсынылды. Оқушыларға жалпы Қазақстан университеттері мен колледждері және Қарағанды университеттері мен колледждерінің сайттары туралы ақпарат берілді.

Үлкен өмірге аяқ басқалы отырған оқушыларға Қазақстандағы ең жоғары ақы төленетін мамандықтары мен заман талабына сай тапшы мамандықтар туралы қызықты мәліметтер берілді. Әлемдегі ең қызықты мамандықтар «Панда бағушы», «Торт, тәтті тоқаштар дегустаторы», «Бейне-ойындарды тесттен өткізуші», «LEGO зерттейтін профессор», «Аралдағы маякты бақылаушы» туралы көрсетілгенде оқушылар ерекше қызығушылық танытып ойларын ортаға салды.

Соңында кітапханашылар, мамандық туралы қойған сұрақтарға нақты жауап беріп, өз ойларымен бөліскен оқушыларға «Қасым» журналы мен «Жыр жазамын жүрегімнен...» дискісі сыйға берілді.

Ай кітабы