Биыл өңіріміздің ең ірі өнер ордасы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы мерейтойға орай кітапханамызда «Киелі өнер шаңырағы» атты Арт-кездесу өтті.

Кештің мақсаты: Сарыарқаның іргелі рухани орталықтарының бірі ретінде жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, өнерді өрге сүйреп келе жатқан бұл өнер ордасының шығармашылығымен таныстырып, тарихи маңыздылығын насихаттау.

Кеш қонақтары өнер ордасының ардагері «Гәкку» эстрадалық ансамблінің ұйымдастырушысы Қажет Ғинаятова Республика көлемінде танымал болған ұжымның өткені мен бүгіні туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Ал, Тұңғышбай Игенбеков болса «Шалқыма» концерт залының екінші қабатында өнер ордасының құрылуына байланысты орналасқан музей тарихы туралы, сонымен қоса филармонияның негізін қалаған Қ. Байжанов,  Ж. Елебеков, Н. Әбішев, З. Жұбатова, Р. Койшыбаева, М. Хамзин, Ү. Тұрдықұловалар туралы айтты.

Концерттік бірлестіктің әкімшілігінің қызметкерлері: Т. Н. Ыдырысов өнер ордасының қазіргі жағдайы туралы және өңіріміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі жайлы әңгімеледі. Ал, Ғ. С. Ажмағамбетов өнер ордасының басқаға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар 8 ұжымның шығармашылығы туралы баяндап, биылғы мерейтой жылы жоспарланған концерттік бағдарламаларын таныстыру арқылы көпшілікті «Шалқыма» концерт залында өтетін мәдени іс-шараларға шақырды.

Кеш барысында өнер майталмандары көрермендерге концерттік бағдарлама сыйлады: Дәстүрлі әнші «Құрмет» орденінің иегері, 2017 жылы Голливуд кинофестивальінде үздік деп танылған «Әміре» фильмінде әншінің әнін орындаған қазақ елінің мақтанышы С. Мұсайын өзінің сапары туралы айтып, халық әні «Дудар-ай» әнін орындады.

«Аққу» фольклорлық хореографиялық би ансамблінің жетекшісі Н. Әбілхан би өнерінің қыр сырымен сіңірген еңбегі, ансамбльдің өркендеуіне қосқан үлесі жайлы айтып бишілерін Тәттімбет атындағы өнер колледжінде сабақ беру арқылы өзі дайындайтынын жасырмады. Қыздардың таланты мен ажарына, аса мән бере отырып, қойылымның сюжетіне байланысты костюмдердің дизайнын өзі жасайтынын атап айтты.  «Аққу» би ансамблі «Салтанат» биімен кешіміздің көркін келтірді.

Джаз оркестрінің саксафон аспабында орындаушысы С. Стефанович сазгер Ш. Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» композициясымен, «Мерей» ансамблінің әншілері А. Сұлтанова мен А. Уали «Сүйемін сені, Қазақстан» әнімен көрерменге жақсы көңіл күй сыйлады.

Кеш соңында өнер ордасының шығармашылығына арналған кітап көрмесіне шолу жүргізіліп, «Сарыарқа әуені» атты қызықты викторина ұсынылды. Белсенділік танытқан жеңімпаздарға дәстүрлі әнші Д. Әркеновтің концерттік билеттері сыйға тартылды.

 

 

Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы: Ж.Санақбай

Ай кітабы