2023 жыл - Түркі елдеріндегі Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланғаны белгілі. 21 ақпан күні ұлтының ұлылығын ұлықтаған, ақтық демі таусылғанша бар болмыс - бітімімен, пәк жүрегінің асыл сенімімен елі мен жерінің өркендеуіне баға жетпес қызмет атқарған ұлы тұлғалардың бірі де бірегейі - Темірбек Қараұлы Жүргенов. Есімі тек қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, «Темір нарком» атанған мемлекет және қоғам қайраткері, қаламы қарымды сыншы, көсемсөз иесінің туғанына 125 жыл толады.

Біздің елде мәдени революция оның есімімен байланысты. Көптеген салаларда ол ізашар болды: ол Қазақстанның Тұңғыш ағарту министрі болды; оның табандылығының арқасында 1934 жылы Алматыда Қазақстанның және бүкіл Орталық Азияның бірден алты ірі жоғары оқу орындарының құрылысы басталды.

Т. Жүргенов мәдениет және өнер мекемелерінің жұмысын қадағалады - Қазақ АССР өнер істері комитетін басқарды. Ол 1936 жылы Мәскеуде қазақ өнері мен әдебиетінің бірінші онкүндігін ұйымдастыруға жауапты болды, онда Қазақстан онкүндігінде Мәскеуде өнер көрсеткеннен кейін Күләш Байсейітова КСРО Халық әртісі атағына ие болды. Ал Темірбек Жүргеновтің өзі Мәскеуде Еңбек Қызыл Ту орденін алды.

Т. Жүргенов - ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В. Затаевичке көптеген мәліметтер берді. 1937 ж. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.

1937 жылы 3 тамызда «Халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының 1957 ж. 18 сәуірдегі шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып, ақталған.

Құрметті оқырман! Кітапханамызда атаулы мерейтой қарсаңында, қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан бірегей тұлға игі істерін болашақ ұрпаққа жеткізу, дәріптеу мақсатында «Түркі әлемінің мақтанышы» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кітап көрмесінде оқырмандар назарына Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметі, әдеби-публицистикалық және ғылыми мұралары, тұлға жайлы әдебиеттер мен тарихи-ғұмырнамалық естеліктер, мерзімді баспасөз беттерінде  жарияланған мақалалар, ғылыми-танымдық конференциялардың материалдары, фотосуреттер мен дәйексөздер ұсынылды.

Атап айтқанда, тарихи тұлғаның өмір жолы, мемлекет қайраткердің адами келбеті, іскерлік қабілеті жан-жақты көрсетілген, елге сіңірген еңбегі туралы қысқаша да тұжырымды баяндалған Ә. Жалдыбаевтың «Қазақстандағы тұңғыш озық мәдениет революциясының бас жасампазы» (Ақтөбе, 2016 ж.) атты танымдық еңбегі.

Қазақ өнерінің алыптарымен қатар, Темірбек Жүргеновтің қазақ өнерінің өсуіне тигізген әсері жайында сыр шерткен Қанабек Байсейітовтің «Құштар көңіл» (Алматы, 2004 ж.) атты кітабы.

Т. Жүргеновтің Қазақстан, Өзбекстан Республикаларының мұрағаттарында, әр жылдарда жазған әдеби-публицистикалық шығармалары, баяндамалары, кітаптарынан үзінділер, кітапхана қорларында сақталған құнды еңбектері тұңғыш рет түпнұсқа негізінде оқырмандарға Б. Иманғалиевтың құрастырумен жарық көрген Жүргенов Т. «Шығармалары» (Алматы, 2013 ж.) атты еңбегі ұсынылып отыр.

Қазақстанның білімі мен мәдениетін, әдебиеті мен өнерін өркендетуге ерекше еңбек сіңірген қайраткер, әдебиетші, журналист Темірбек Қараұлының үлгілі өмірі жайлы мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалалар да баршылық.

2017 жылдың 30 қазан - 6 қараша аралығында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалі болып өтті.

Фестивальге Башқұртстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан театрлары және Қазақстаннан бірнеше театр ұжымдары қатысты. Мәдениет журналының 2018 жылғы №11 санында жарияланған «Қазақстан - Еуразия жүрегі» мақаласында аталған фестиваль жайлы баяндалады. Мақаладан Т.Жүргеновтің қазақ білімі мен өнеріне қосқан сүбелі үлесі туралы көптеген мағлұматтарға қанық бола аласыз.

Өмірлік бағыт-бағдары бар ерекше тұлға Т. Қ. Жүргеновтің өмірі мен даңқты жолын суреттеген А. Е. Садықованың «Казахстанская правда» газетінде 2018 жылғы 19 қарашада жарияланған «Иделог культурной модернизации» мақаласы. Т.Жүргеновтің Қазақстандағы өнер мен мәдениетті дамытудағы баға жетпес рөлі, оның тынымсыз, жанкешті еңбегінің арқасында кең даладан қазақтың ұлттық мәдениеті тікелей сахнаға шыққаны туралы баяндалған Зарина Мосқаудың «Казахстанская правда» газетінде 2022 жылғы 14 қарашада жарық көрген «На высоте человечности» атты мақаласы. «Жұлдыздар отбасы» журналының «Аңыз адам меншік иесі» (Алматы, 2010.-№18) атты мақала және т.б. материалдар ұсынылды.

Қазіргі таңда Қазақ ұлттық өнер академиясы Жүргенов есімімен аталады (1989). Осы академияның алдында Т.Жүргеновке арналған ескерткіш (2002, мүсінші Е.Сергебаев) орнатылған. Алматы, Қызылорда қалаларында, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы мен Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Т.Жүргенов есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар. Туған жері Жалағаш кентінде, Қызылорда қаласында (2005) ескерткіштер орнатылған. 2014 жылы 1 мамырда Қызылорда қаласында шығармашылық үйі ашылып, оған Темірбек Жүргеновтің есімі берілді және бюсті қойылды.

«Шыңғыс хан дүниені алды – артында белгі қалған жоқ. Ақсақ Темір дүниені алмаса да – артында Самарқанд, мешіт, медреседей белгі қалды»,- деп Әлихан Бөкейханов айтқанындай, Темірбек Жүргенов те артында өшпес із қалдырды. Нұрлы болашақ, бақытты өмір үшін күрескен мемлекет қайраткері Т.Қ. Жүргеновтің асқақ арманы бұл күнде жүзеге асты.

«Жақсының аты өшпейді» демекші, сіздерді аты өшпейтін тау тұлғаның құнды еңбектерімен танысуға шақырамыз.
Ықылас білдірген әрбір оқырманға есігіміз әрдайым ашық!

 

Майданбекова А.Д., оқу залдары бөлімінің кітапханашысы

Ай кітабы