Қазақ руханиятының ұлттық тұрғыда қалыптасып, дамуына айрықша үлес қосып, тамыры терең тарихымыз бен әдебиетімізді, өнер мен мәдениетті зор талғаммен зерттеп, зерделеп жүрген көрнекті ғалым Мұрат Әуезов биыл 80 жасқа толды.

Осы атаулы күнге орай, оқу залдары бөлімінде мерейтой иесінің өмірі мен ғылыми-шығармашылық қызметіне арналған «Мұрат Әуезовтің мәдени мұрасы»  атты безен­діріл­ген кітап экспозицисы ұйымдастырылды. Көрмеге Мұрат Әуезовтің әр жылдары жа­рық көрген еңбектері, мақалалары, ол туралы басылымдар ұсынылған. Атап айтқанда:

  • Қоғам және мемлекет қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің «Ділім» (Алматы, 2018) атты  бұл кітабына әр жылдардағы мақалалары, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, халықаралық және республикалық симпозиум-конференцияларда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, айтқан ой-пікірлері топтастырылып беріліп отыр. Кітапта автор еліміздегі қоғамдық, саяси және әлеуметтік мәселелер, мәдени және әдеби процестер, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайлар, жаһандану үдерісінің жай-күйі мен маңызды жақтары жайында ой білдіреді.
  • «Времен связующая нить» (Алматы, 2017)  атты еңбек те көрмеде басты назарда болмақ. Мұрат Әуезовтің бұл еңбегінде салыстырмалы түрде ғылыми монографиялар, ұлттық әдебиеттерді зерттеу және мәдени интеграция мәселелері, халықаралық симпозиумдардағы баяндамалары, эсселер, саяхат очерктері, күнделіктер және сұхбаттары жинақталған.

Аталған кітап жайлы  өз сөзінде Мұрат Мұхтарұлы «Әкем алашордашылармен де аралас-құралас болды. Мені өз қолымен 1-сыныпқа қазақ мектебіне ертіп апарғаны да әлі күнге есімде. Әкеден алған тәрбиемді, білген-түйгенімді осы кітаптың ішіне сыйғызуға тырыстым. Мұрат Әуезовті осы кітаптың ішінен іздесеңіздер болады» деген екен.

  • «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көр­ген бұл жинақ - көрнекті қоғам қайраткері, елге танымал мәдениеттанушы, жазушы, публицист, академик, ҚР Журналистика Академигі - Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің 75 жылдығына арналған. Аталған жинақта көрнекті тұлғаның болмысын ашып көрсетіп, шығармашылық, ғылыми қуатын талдауға талпыныс жасаған заман­дас­тарының жазған ой-пікірлері, сондай-ақ, мұрағат пен фотоматериалдар топтас­ты­рылған. 

60-жылдары ұлтты насихаттаған «Жас тұлпар» атты ағартушылық тобын құрып, «Невада-Семей» қозғалысы бастауында тұрған ғалым жайлы, мерзімді басылымдар беттерінде жарыса жазылған мақалалар да баршылық.

Мәселен, 2023 жылы, 9 қаңтар күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Алаш күресін жалғастырған» атты мақаласы осыған дәлел. Мақалада, өз кезегінде әке атына кір келтірмеуді мақсат етіп, Абай ауылымен іргелес отырып, сол әулетпен құдандалы болған, ескіше сауаттылықтарымен сол қоғамның белді азаматтары ретінде танылған арғы атасы Әуез, бергі атасы Омархандардан дарыған тектіліктің иісін бірден байқататын дара тұлға Мұрат Мұхтарұлының бейнесі жан-жақты ашылған.

2016 жылы «Дәстүр» журналында жарық көрген, филология ғылымдарының докторы Гүлзия Пірәлінің - «Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұратқа жазған қолтаңбалары» атты мақаласын ерекше айтып өткен жөн. Мақала Мұхтар Әуезовтың жүрегінен жарып шыққан шуақты ойларын келесі жүрекке, ұлы Мұрат Әуезовке жеткізілген көрінісін суреттейді.  Суреткер өз кітабының сүйінші данасын, қуанышының қарлығашындай болған  қолтаңбасын қойып ұсынған жаны - Мұрат  Әуезовтың болмысы да қоса баяндалады.

Сондай-ақ, «Мәдениет» журналында жарық  көрген «Мұраттың биік мұраты» атты мақала да ерекше мәнге ие. Мақалада ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Дулат Исабековтың,Мұрат Мұхтарұлының «Ділім» атты еңбегі бойынша өзіндік ой-толғауы баяндалған.

 

Құрметті оқырман! Заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы Мұхтар Омарханұлы сынды жайсаң қазақтың тұяғы - Мұрат Мұхтарұлының құнды әдебиеттерімен оқу залындағы кітап көрмесі арқылы таныса аласыз!  Есімі бүгінде жалғыз қазақ қоғамына ғана емес, алыс-жақын шетелдерге  де белгілі - Мұрат Әуезовтің мәдени мұрасын бірге дәріптейік!.

 

Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д

Ай кітабы