Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін мерекелеу аясында 2022 жылдың 13 желтоқсанында, Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қабырғасында «Тәуелсіздік хроникасы» атты тарихи сағаты өтті.

Іс-шараның мақсаты: жастар арасында Қазақстан Республикасында Тәуелсіздік құру және мемлекеттіліктің қалыптасу тарихы туралы білімді қалыптастыру, патриотизмге тәрбиелеу, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру, туған елдің тарихына қызығушылықты арттыру.

Іс-шараға Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ тарих факультетінің оқытушылары - Шашенов Дархан Тастемірұлы және Шахаев Арман Жетпісбайұлы және Қарағанды жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары  қатысты.

Кеш қонақтары Тәуелсіз қазақ жұртының өткені мен бүгіні туралы тарихқа шолу жасап, сабақтың маңыздылығын арттыра түсті. 

Шара барысында көрермендер назарына Ұлық мерекеміздің аясында, тәуелсіздік жолында еліміздің жүріп өткен қадамдарына шолу жасау мақсатында бейнебаян көрсетілді. 

Сонымен қатар, жастардың назарына «Тәуелсіздік - ел тұғыры» атты кітап көрмесіне шолу ұсынылып, 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғалардан бастап, бүгінгі күнге дейін Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолының материалдарын, Мемлекеттік рәміздерінің құрылу тарихы, рөлі мен маңызы баяндалды.

Аталмыш кездесу керуенін жалғап, тарихи сағатқа белсенді қатысқан  Қарағанды жоғары политехникалық  студенттері спикерлерге ойландыратын сұрақ қойып, аудиторияны жандандыра түсті. Кездесудегі қонақтардың әрбірін толғандырып жүрген - «Дипломмен ауылға бағдармламасының түлектері неге жұмысқа орналаса алмай жүр?», «Сыбайлас жемқорлық» сияқты т.б сұрақтар арқылы жастардың жұмысқа орналасу мәселесін қозғады.  Спикерлер қойылған сұраққа танымды, әрі жан-жақты жауап қатты.

Сондай-ақ, Тәттімбет атындағы Өнер колледжінің студенттері Тәттімбек Айбек «Қазағым-ай», «Біржан сал» әндерін  және Дарыбеков Нұрзат «Белгісіз солдат» күйін орындап,  мерекеге жырдан шашу шашты.      

Кездесу соныңда  кітапхана әкімшілігі еліміздің мерейлі мерекесі, Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бүгінгі бейбіт елдің ұландарына қойылатын басты талап жаңа заманға сай озық білім мен ізденімпаздық қабілет екендігін және осынау талапқа жеткізер бірден – бір басты құрал, кітап оқу арқылы келетіндігін ескертіп, барша көрермен қауымды кітап оқуға шақырды. 

Іс-шара соңында қонақтардың тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, таңғажайып өмір кешіп жатқан жеткіншек жастарға үлгі боларлық, осындай игі шаралар жалғасын таба берсін деген ақ тілектерімен аяқталды.

 

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова.А.Д

Ай кітабы