Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні Қазақстанда 2004 жылдан бастап, жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтіледі. Оны 2003 жылдың 21 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялады. 2003 жылы осы күні Мексикада қол қою үшін БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ашылды.Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күреске белсене араласқандығын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен сындарлы өзара іс-қимыл жасауға дайын екендігін көрсетті. Қазақстан жемқорлығы жоқ мемлекет құруды көздегендіктен, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын жүргізуде. Қазақстан посткеңестік кеңістікте бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негіздерін, принциптері мен әдістерін айқындады.

2015 жылғы 15 қарашадағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту жөніндегі заңда (2022 жылғы 5 қарашадағы толықтырулармен) сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны және корпоративтік сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік күшейтілді, үшінші тұлғалардың пайдасына пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының өсуіне үлкен кедергі келтіретін ең басты қауіптердің бірі екенін түсіндіру мақсатында кітапханамыздың оқу залында «Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік қастық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбына арналған кітаптар, мерзімді басылымдар, буклеттер мен жадынамалар ұсынылды, атап айтқанда:

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 - 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы: Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығы.

2020 жылы, Қазақ университеті баспасынан шыққан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің құқықтық негіздері» кітап – практикумы ағымындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама шеңберінде осы курста оқыған тақырыптарды қамтиды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдылық сипаттама» (Алматы, 2019 ж.) – оқу құралында сыбайлас жемқорлықтың қоғамға қауіптілігі, олармен қарсы күрестің қылмыстық құқықтық мәселелері, қылмыстық кодекс, сыбайлас жемқорлық жекеленген түрлері туралы зерттелген.

«ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қазіргі таңдағы өзекті проблемалары» (Астана, 2012) – бұл жинаққа Қаржы полициясы академиясы 2012 жылғы 27 сәуірде өткізілген «ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзекті проблемалары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары енгізілді.

Көрмеге мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалалар да ұсынылды. Атап айтсақ, республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Заң», «Казахстанская правда» сынды басылымдардағы мақалалардан сыбайлас жемқорлық, парақорлық тақырыбындағы көкейкесті мәселелермен танысуға болады.

Мәселен, «Заң» газетіндегі 2022 жылдың №2 санында жарияланған «Пара мен алаяқтықты ажырату ерекшеліктері» атты мақаланы айтып өткен жөн. Мақалада, Қылмыстық заңнамадағы пара алу және алаяқтықтың айырмақшылықтары айқындалып, соған сәйкес ҚР заңдары арқылы нақты мысалдар келтірілген.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде: «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады және заң үстемдігін орнату мақсатында және шынайы құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен сыбайлас жемқорлықты жою қажет» деп атап өткен болатын.

Құрметті оқырман, кітап көрмесімен таныса отыра, кітапханамызға келіп өзіңіздің көкейіңізде жүрген сауалдарға жауап ала аласыз.  Көрмеде ұсынылған материалдар барлық оқырмандарға пайдалы. Танысқысы келетіндерді кітапханамызға шақырамыз.

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д.

Ай кітабы