Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы "Қайырымдылық керуені" жалпы республикалық қайырымдылық акциясының 2019 жылғы шараларының күнтізбесі ұлы даланың дәстүрлеріне негізделіп жасалған еді. Күнтізбе бойынша наурыз айы қуаныштың айғағы ретінде салтанатты дәстүрдің атауымен "Шашу" айы болып белгіленген.
Қайырымдылық пен мейірімнен, алғыс пен ризашылықтан тұратын шашуымызды кітапханамыздың ардагері, бүгінде жалғыз басты зейнеткер болып отырған Клавдия Ивановна Мерзляковаға шашуды жөн көрдік.
Кітапханамызда 40 жылдам астам жұмыс істеген еңбек ардагері Клавдия Ивановна әріптесімізді мерейлі 80 жасқа келуімен де құттықтаудың сәті түсті. Бір ауыз жылы сөз, жылы ілтипаттың қарт адамдарға қаншалықты шексіз қуаныш әкелетінін біреу білсе, біреу білмес...
Көңіл пернесінің қуанышы жүзінде ойнаған жалғызілікті қария ақ дастарханын жайып, естеліктерімен бөлісті. Әңгіме жібін тарқатып, шашуымызды да жылы қабылдады. Ұжымға алғысын айтты.
Қай заманда болмасын қоғамда қарияларға деген құрмет, ізет-ілтипат ерекше болған. Сол дәстүрді жалғастырып, Үлкендерімізге көңіл бөліп, хал-жағдайларын сұрап тұрған абзал екенін ұмытпайық. "Атаңа не істесең, алдына сол келеді" деген аталы сөзді әрбір адам қаперінде ұстағаны артық болмас.