2015 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын "Қайырымдылық керуені" жалпы республикалық қайырымдылық акциясын өткізіп келеді. Аталмыш акция, биыл, 2019 жылы Жастар жылы мен Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру: табыс пен өмір сүру сапасын арттыру" жолдауы аясында "Мейірімділікпен бірлікке!" ұранымен жалғасты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылықты ынталандыру мен жүйелеу мақсатында осы жылға арналған қайырымдылық іс-шараларының күнтізбесін әзірледі. Күнтізбе Қазақстан халқының салт-дәстүрлері негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелерін ескере отырып жасалған.
Н. В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы да тағылымы мол ізгі шараны қызу қолдап, әр ай сайын мейірімге мұқтаж болып отырған жандарға қамқорлық танытуды жоспарлап отыр.
Қаңтар айында кітапхана қызметкерлері кітапхана саласында көп жыл жұмыс істеген, еңбек ардагері, бүгінде жалғызілікті зейнеткер А.В. Шовбаға көмектесті.
Ақпан айы жасалған күнтізбе бойынша – "Сыбаға" айы.
Сыбаға - қонаққа, әулеттің үлкендеріне, жақын-жуыққа сақталатын кәделі тағам. Қазақтың салты бойынша құдайы қонақтың да сыбағасы сақталған.
Бұл айда біз кітапхананың көп жылғы тұрақты оқырманы болған В.А. Тощеваның өздігінен жүре алмайтын, тағдырдың жазуымен 20 жыл бұрын қол арбаға таңылған баласы А.И. Кронгордқа баруды ұйғардық. Александр – кітапхананың сырттай оқырманы, осы уақыттарға дейін оған анасы кітапханадан кітап апарып отыратын. Жақында ғана жалған дүниедегі жалғыз жанашыры, қамқоршысы, сүйеніші анасынан айрылған Александр қанша қиындық көрсе де өмірден түңілмеген, ақжарқын, әңгімешіл жан екен. Аядай тар дәлізде арбасымен қозғалып жүру қиын болса да, қабағын бір шытпай жеке кітапханасын көрсетіп, оны кітапханаға өткізгісі келетінін айтты. Қажырлы жан замана ағысынан тыс қалмай, компьютерді меңгерген, әлеуметтік желі арқылы жер шарының әр түпкіріндегі адамдармен араласады екен. Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен атасын интернет арқылы іздестіріп, ол туралы мақала жазып жүргенін, сонымен қатар, өзінің өмірін жайлы етуге қандай мүмкіндіктер бар екенін де қарастырып жатқанынан хабардар етті. Көмейінде жүрген шерін тарқатқан Александрдың әңгіме-дүкен арасында көзі қайта-қайта жасаурап, сүртумен болды. Арнайы апарған сыбағамызды қуана қабылдап, "Сіздерге арнайы дайындаған едім" - деп денсаулық жайлы кітап ұсынды. "Аяқтарыңызды сақтаңыздар, аяқтарыңызды сақтаңыздар" – деген сөзбен шығарып салған Александрға іштей өмірден өз орнын табуды, өз сыбағасын алуды тілеп шықтық.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету филиалы