Биылғы жылы ұлы ақын, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Ж. Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келді. Жыршы көзі тірісінде 1936 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанған. Мерейлі мейрамның қарсаңында кітапхана төрімізде "Жамбылдың жыр жиһаны" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.  Көрмеге абыз жыраудың сирек және құнды кітаптары топтастырылып, шығармашылығы мен өміріне негізделген еңбектер қойылды.

Көрменің басты қазынасына айналған әдебиеттер, Жамбылдың 1982 жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрген "Ұлы Заң" өлеңдер жинағы. Шығарманың 14 тілге аударылғанының өзі-ақ халық арасында қаншалық танымал болғанын сөзсіз жеткізеді.  Қай тілде жазылмасын, әдебиет әлемі халықаралық тілде сөйлейді. Сондықтан, жауһар әдебиет әлем назарына ілікті. 1948 жылы орыс тіліне аударылған "Избранные песни" кітабына ақынның үздік өлеңдері топтастырылған. Атап айтқанда,  "Великий Сталинский закон", "Отчизна", "Ленинградцы, дети мои" және т.б.  Жинақта ақын өлеңдерінің мазмұнында кездесетін қазақ зиялыларының есімі мен қазақ тұрмысын бейнелеуші сөздерге арналған түсіндірме сөздік берілген. 1940 жылы аударылған "Суранши батыр" поэмасы мен өлеңдер топтамасы көрмеден лайықты орын алды. Кітапта "Орлы нашей родины", "Мою страну врагам не застращать", "Песня победы", "Тарас", "Призывная песня" сынды танымал еңбектері жазылған. Соғыс уақытымен тұспа-тұс жарияланған жинақ, сол уақыттың ауыртпалығын өң бойына жинап алғандай көрінеді. Сондай-ақ, 1957 жылы Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан "Шығармалар" жинағы құнды кітаптар қатарынан орын алуда. Әдебиетте революцияға дейінгі өлеңдері "Зілді бұйрық", "Өстепкеде", "Сәт сайланарда" мен айтыстағы өнері Құлмамбет пен Жамбылдың айтысы, Жамбыл мен Досмағамбет ақынның айтысы, Нұрила мен ақындардың айтысы және Жамбылдың берген төрелігі жинақталды. "Өтеген батыр", "Ертегінің еріншегі" поэмалары мен совет дәуіріндегі өлеңдері мен жырлары "Белсенділерге", "Туған елім", "Тынық Донның ұлдарына", "Ұлыма" және т.б.

Сонымен қатар, Орталық Қазақстан газетінің 2021 жылдың 21 қаңтар күнгі санында жыр жауһарлық Жәлел Шалқардың "Халық менің шын атым" атты мақаласы және Жыр алыбы Жамбылдың туғанына 175 жыл толған мерейтойына орай "Жамбылтанудағы өзекті мәселелер" атты филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов пен жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының мақаласы "Егемен Қазақстан" газетінің 2020 жылы 29 желтоқсанында жарық көрді.

Атақты ақын Сүйінбайдың "шындық туралы айта отырып, әділеттілікті жырла, басқалар салып кеткен жолмен емес, айналадағы болып жатқандарға қарап, біліп, өз жолыңды тап. Хан қазынасынан гөрі жаның бай болсын" деген батасы абыз ақынның бар шығармашылық жолына азық болды.

"Жамбылдың жыр жиһаны" кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерді біздің кітапханадан таба аласыздар! Жүз жасаған абыз ақынның мұрасына көзайым болуға асығыңыздар.

 

Абонмент бөлімінің кітапханашысы Аханова Ж.