20 ақпан күні облыстық кітапханамызда ақын, драматург, әдебиеттанушы, профессор Әбділда Тәжібаевтың  115 жылдығына арналған  «Сырда туған сырбаз ақын» атты әдеби кеші өтті.                                                                                                                             

Кештің мақсаты: қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, әдебиет зерттеушісі Ә.Тәжібаевтың шығармашылығын насихаттау. Ақын шығармалары арқылы оқушылардың әдебиетке деген таным - біліктілігін шыңдау, жастарды отансүйгіштікке әрі өнегелікке тәрбиелеу.

Әбділда Тәжібаев әдебиеттегі алғашқы қадамын өткен ғасырдың 20- жылдарында өлең жазудан бастайды. Қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлері мен дүниежүзілік әдебиеттің үздік жетістіктерінен үйрене отырып, 30-жылдардың орта шенінде айтулы ақын атанады.  Оның өлеңдері сыршыл, ойшыл, шыншыл, оттылығымен ерекшеленеді. Драматургия, әдебиет зерттеу салаларына да өз үлесін қосқан ғалым, қазақ поэзиясының аса көрнекті суреткері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі.

Кеш қонағы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының докторанты А.Қ.Қайырбекова қатысып, Ә.Тәжібаевтың өмір жолы мен шығармашылығы, драматургиясы жайында әңгімелеп, көптеген мағлұматтар берді. «Абыл» және «Майра» поэмаларына ерекше тоқталып өтті. Ақынның туған жеріне, еліне деген сағынышын, ыстық сезімін жырлаған  «Ана», «Кей кезде», «Жолдас Навои», «Кісі ұялар ісіңді, мақтан етпе» сынды өлеңдерін «Білім – Инновация» түрік лицей интернатының оқушылары оқыды. Сыр бойлықтардың гимніне айналған «Сырдария» өлеңін Банк колледжінің студенті Д.Уахитова нақышына келтіріп жырлады.

ЖББ №23 мектеп оқушылары А.Жанатова мен А.Бейбіт ақынның шоқтығын тағы бір биік деңгейге көтерген «Қыз бен солдат» драмалық поэмасынан үзінді көрсетті. Оқырмандар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып мардымды жауап алды.

Шара соңыңда «Ән мен жырдың ақбұлағы» атты кітап көрмесіне  шолу ұсынылды.

Ай кітабы