Қазіргі қазақ поэзиясында өткен ғасырдың 90-жылдарының басында келген буынның белді өкілдерінің бірі, ақын Бақыт Беделханұлы Әлдибеков 1975 жылы Алматы облысы Шонжы ауылында дүниеге келген. 1992-96 жж Абай атындағы ҰПУ де филология факультетін тамамдаған. 1996-98 жж өнер мен өлеңді қатар алып жүрген дарын АлМУ-дың Абай атындағы философия кафедрасының аспирантурасын тамамдаған. Сонымен қатар 1996-99 жж Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының театр факультетінде «театр режиссері» мамандығы бойынша білім алған.
Әр жылдары театр, телевизия саласында еңбек еткен. Астанадағы «Елорда» баспасында редактор, Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрда «әдебиет бөлімінің меңгерушісі», «Қазақстан» ҰТРК да журналист-жүргізуші қызметтерін атқарған. Қазір Қазақстан Жазушылар Одағы «Әдебиетшілер үйінің» директоры.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Халықаралық«Шабыт» фестивалiнiң лауреаты. Халық қаһарманы туралы түсірілген деректі фильмде батыр Бауыржан бейнесін сәтті сомдап, Ауған соғысының шындығын бейнелеген туындылар жазғаны үшін Бауыржан Момышұлы атындағы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Сондай-ақ Алматы облысы Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы атағының иегері.
Өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Қарлығаш», «Қос ішек» атты ұжымдық жинақтарға енген. «Кең дүние», «Көкемарал», «Уақыттың жүрегi» атты жыр жинақтарының авторы. Ақынның «Махамбет» поэтикалық драмасы мен «Қанталапай» атты киносценарийі көрермен көзайымына айналған.
Мектеп кезінен бастап өлең жазып, өнерге ұмтылған. Ақындығы да, батылдығы да, қоғамшылдығы да, ұлтшылдығы да басым азамат. Оның:
Мәңгіліктер...
Мәнгі өлмейтін жаныма жаңғырып кел!
Шомылдырып сүтіне әппақ таңның,
Білегіңді анамдай талдырып көр – деп өзінің жылы ағыстарымен өз тылсымына тартатын сыршыл поэзиясын сүйсінбей қуанбай, өртенбей, сілкінбей, серпілмей оқу мүмкін емес.
«Ақын ажалы» мұң-толғағында бүкiл адам баласына, адам қоғамына тән ақ пен қараның айқасы, пендешiлiктен туындайтын озбырлық, мешкейлiк, мешеулiк атауымен мәңгi тайталасып, табандасып өтетiн нағыз ақынның өлмес, өшпес өр үнi бар. Мұң-толғаудың өн бойынан мүләйiм мұңның емес, кескiр кектiң ашу-ызасы аңқып тұрғандай.
Жан бейбақты жалықтырып жалған – боқ,
Ынтықтырды, зарықтырды заңғар көк.
Жұмыр жердей жүрегiме жүк артып,
Адассам да, алған беттен танған жоқ.
Отқа түстiм, еш күдiксiз, күмәнсiз,
Ақыр түбi қарсы алатын Аллам деп, –
деген жалын жүрек кейiпкердiң толғанысты сәтi осыны дәлелдей түседi.
Екi бөлiмнен тұратын кiтабының бiрiншi бөлiмiн құраған өлеңдер бiрiне-бiрi табиғи байланыста толықтырып тұрады, ал екiншi бөлiмдегi поэма, балладалар, арнау, толғаулар ақын шабытының көсiле түскенiн көрсетеді.
«Бақыт Беделханұлы – тынық ауаны ысқыртып тіліп түсетін өлең жолдарының жылан бауыр бишігін сілтей алатын ызалы ақын. Туа бітті табиғаты солай ма, жоқ, әлде, мына өмірдегі аттаған сайын андағайлап шыға келетін келеңсіздіктер мен оспадарлықтарды көре-көре солай болған ба, білмедім. Көп ақын күйініп сөйлесе болды күйреп шыға келеді ғой, ал Бақыт олай емес, күйініп сөйлесе-ақ қақпанға түскен қасқырдай өз аяғын өзі шайнап, ызаға толып, өршеленіп, аласұрып кетеді екен» дейді ақын Темірхан Медетбек.
Шығармалары:
- Беделханұлы, Б. Сен он алты жасыңда: өлеңдер [Мәтін] / Б Беделханұлы // Қазақ әдебиеті. - 2001. - 16 ақпан(N7). - 7 б.
- Беделханұлы, Б. "Жұлдыздар-төмен, ой-көкке лапылдап ұшар..." [Мәтін] : өлең / Б. Беделханұлы // Қазақ әдебиеті. - 2005. - 15 шілде(N28). - 14 б.
- Б.Беделханұлы. Өлеңдер.
- Б.Беделханұлы.Өлеңдер. Қазақ поэзиясы - Мәссаған!
- Б.Беделханұлы. Жүрегiме кiр жасырғым келмейдi: өлеңдер – Жас алаш- zhasalash.kz ...
Мақалалары:
- Беделханұлы, Б. Құдай қойған драмадай [Мәтін] / Б.Беделханұлы // Қазақ әдебиеті. - 2006. - 17 қараша (№ 46). - 8-9 б.
- Беделханұлы, Б. Адамдардың кеудесінде екен ғой, уақыттың жүрегі [Мәтін] / Б. Беделханұлы // Дала мен қала. - 2012. - 2 қаңтар (№ 1). - 10 б.
Ол туралы:
- Медетбек, Т. Алтынкөпірліктер [Мәтін] : (Қазіргі жастар поэзиясы хақында) / Т. Медетбек // Жұлдыз. - 2008. - №1. - 143-165 б ; №2. - 126-140 б.
- Б.Беделхан. Жарты өмірімді қысқартып өлең жазам"
- Ә.Қайран. Өлең өзегiндегi тылсым - Қазақ әдебиетi
- Бақыт Беделхан: Қиындықты өлеңмен жеңген екенбіз: ақын Б.Беделханмен сұхбат / сұхбаттасқан. Г.Бектасова - Түркістан газеті
- Бақыт Беделханұлы Әлдибеков - Уикипедия - Wikipedia.