Құрметті оқырмандар! Дауылпаз ақын, жерлесіміз Қасым Аманжоловтың кітапханамыздағы «Қыран қанатты ақын» шағын сайты жаңа деректермен толықты.

Өздеріңізге белгілі Қасым ақын 1931-1936 жылдары тарихы терең Орал қаласында өткізеді. Жиырма жасар Қасым әскери борышын атқара жүріп, «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясына өлеңдерін жариялаған. Кейін сол «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады.

Қ. Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы үлкен әсер етті. Осы қалада ол ең алғашқы махаббат, жастық жырларын жазды. 1935 жылы әскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегі өте зор болды. Осы кездері Қ.Аманжоловтың ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.

Құрметті оқырман назарларыңызға Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінен алынған «Екпінді құрылыс» газетінің 1934-1936 жылдардағы ақынның латын әліпбиінде жазылған өлеңдерін ұсынамыз!

Қасым ақын өмірінің сәнді, мәнді бес жылы өткен Оралды жүрек түкпірінде өле-өлгенше сақтады. Ақынның «Орал» өлеңін бірге оқиық.

Оралым, шықтың алдымнан,

Оралым менің, Оралым!

Қол созып қызыл вагоннан,

Үстіңнен өтіп барамын.

 

Оралым, сенің қойнында

Ойнақтап өткен жылдарым.

Жарқылдап Жайық бойында

Достармен сайран құрғамын.

 

Шағанның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқам шаңқай түс.

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Өмірдің алтын кесесін

Тосқанмын айдың нұрына.

Кезгенмін Совет көшесін,

Кеудемді ашып құрбыма.

 

Сонау бір шетте сонау үй

Кетер ме, сірә, көңілден?

Алушы ед тартып мені ылғи

Махаббат, жастық лебімен.

 

Терезе алды - жас терек,

Тұр екен кімдер сүйеніп?

Жүр екен кімдер еркіндеп,

Жүрегін ұстап үйге еніп?..

 

Сағындым сені, Оралым,

Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.

Келгенше қайтып оралып,

Алып қал осы жырымды.

 

Сіркіреп жаңбыр жауғанда

Байқарсың өзің анықтап.

Жаным бір жүзер ауаңда,

Ауанда сенің қалықтап.

 

Қош болшы енді, Оралым,

Күле бер шалқып, сайранда!

Айтпақшы, қайда бораның?

Кетейін алып майданға!

Ай кітабы