Page 194 - karagandy_zhumyszhylarynyn_angime_zhyrlary
P. 194
Құбылтып ішкі толқын ерке түрін,
Қыз көзі ойнақшыды етіп күлім.
Сонау көз мұхиты ғой алуан сырдың,
Ұғарсын қарауының қайсы бірін.
Бұралып балдыр гүлдей өскен сайда,
Тұрды қыз көзін тастап әлдеқайда,
Күлімдеп жігітіне жалт қарады,
Ақша бет ұқсап көкте жүзген айға.
Деді қ ы з — ж а с жанымда шуақ күнін
Аялап, сақталса да сізге гүлім,
Үні жоқ ишараттың белгісіндей,
Тілі жоқ, естімеді жүрек үнін.
Сезсем де салқындығын маған ішің,
Дүниеге жаралыппын бір сіз үшін.
Намысым тізе бүкті махаббатқа,
«Сыйға сый» тартуыма жетпей күшім.
Демеймін сүлдерім жүр, сөніп барам,
Демеймін сенсіз маған өмір қаран,
Білмеймін құбылуды, қылымсуды,
Демеймін шығар емен, өліп барам.
Айтпаймын — қайғың жалын күйемін деп,
Қасірет шегіп, кебін киемін деп,
Айтарым қолыңды бер айнымасқа,
Шынайы тәттілікпен сүйемін деп.
— Мен сүйем, Әсияжан, пак тілекпен,
Мен сүйем, еркі күшті от жүрекпен,
Жібектің жалғыз шалған түйініндей,
Өмірім соны ғана байлау еткен.
Дескенде құшақ жая беттен сүйіп,
Жабысты еріндері от боп тиіп,
Сонарлы ақша қарда бұлаң қаққан,
Жарқ етті қызыл алтай қыран шүйіп.
Торғындап таң шапағы көкжиекті,
Шабарман бозша торғай шыр-шыр етті.
Шөп еткен сүйіс сөздің байлауы боп,
Тойлан мен Әсия да жүріп кетті.