Page 193 - karagandy_zhumyszhylarynyn_angime_zhyrlary
P. 193
Бес ерді комбайнмен қатар қойып,
Суретші аппаратпен әуреленді.
Көңілдің құлаш ұрып өршіл тасы,
Тойланның өркештенді ер тұлғасы,
Бақытқа жаны бөгіп Әсия тұр,
Жаңарған замананың еркін жасы.
Жарқылдап ару күліп, ер алшақтап,
Қайтты топ кере басып, үлкен аттап,
Қағысты жол-жөнекей қалжың айтып,
Біреуі бұрмаласа, бірі жақтап.
Қақпаның кердең жатқан сонау өрі,
Шахтаның таянғанда шығар жері,
Әсия Тойланға бір қағаз беріп,
Көз қысты, сезіп қалды өңгелері.
э п и л о г
Өр тартқан арқа беттен қоңыр белес,
Сілемі Шерубаймен көлеңкелес,
Ішіне елу қабат қойма сақтап,
Жатқан жер кенеуі кең, қойны кемеш.
Далиған кен алыбы Қарағанды,
Шахтасы соғып жатты барабанды.
Гудоктың күркіреген зор айғайы,
Сергітпес жүрегі бар қандай жанды?
Көмкеріп жас жапырақ ірге тасын,
Күн сүйген күмбезінің айдар басын.
Жарқырап тұрды сәнді жаңа қала,
Жамылып электрдің шұғыласын.
Тізбектеп мың вагонға көмір артып,
Күрсілдеп паровоздар жүгін тартып,
Жөнелді түтін атып, мамық төгіп,
Арқырап жер тебініп бумен қарпып.
Осынау жалпақ жатқан кең даланың,
Гүлденген куәсіндей сол қаланың,
Марқайған тетелесі Теміртау тұр,
Құс жетпей заңғарына мұнараның.
Көктен ай жарастыққа шашу шашып,
Екі жан келе жатты бір-бір басып,
Жігітке жүрек сырын ақтарды қыз,
Махаббат сандығының кілтін ашып.