Page 185 - karagandy_zhumyszhylarynyn_angime_zhyrlary
P. 185
Деп еді, — өзің айтшы, Әсияжан,
Інісі отырар ма бумай белін?
Туғандай ертегі күн заман-ақыр,
Ел шеті тапауырын болып жатыр,
Батысқа көкең шеру тартқалы тұр,
Жатар ма жау тигенде үйде батыр!
Серігім өскен тете, жан тынысым,
Ұяң бір, емшектесім, бал туысым,
Басылды барлық затқа соғыс мөрі,
Осыны ақыл толғап, ұқ, күнішім.
Бауырым, ерке тотым көлеңдеген,
Балдыр гүл пісер шаққа кемелдеп ең,
Қайламды тот баспасын забойдағы,
Кетерде қолқам осы тілер сенен, —
Дегенде, Әсия да жасын бұлап,
Құшақтап, — қош, көке! — деп қалған жылап.
Осы қыз еді мына келе жатқан,
Басына каска киіп шахтершылап.
Көз салмай еш адамға тық-тық жүріп,
Кең залға тоқталмастан кетті кіріп,
Күлісіп қала берді бір-екі жас,
Дегендей сүйер ме еді ернін бүріп?
Залдан да телмірді көз қызға қарап,
Сыбыр да шығып жатты, күбір тарап,
Сұрасып бұрын кейбір көрмегендер,
Құрылды сұлулыққа сыннан сарап.
Назарын тартып жалғыз сонша көптің,
Уызы үлбіреді ақша беттің,
Қосылып үш саусақтың басы бірге,
Есігін тықылдатты кабинеттің.
— Кір! — деген дауыс шығып, есік ашты,
Начальник жалт қарады қырау шашты,
Тағы бір шахтер отыр шеткі жақта,
Кең маңдай, өткір көзді, сирек қасты.
Қол алып Сәти бастық, жайын сұрап,
Десе де орындыққа отыр, шырақ,
Қиын ғой үлкен алды кімге болсын,
Қыз көзі қипақтады жасыңқырап.