Page 222 - karagandy_zhumyszhylarynyn_angime_zhyrlary
P. 222
Аптықпа «озамын» деп күні бұрын,
Белгілі, оза алмайсын, маған сырың.
Қайнаған қара алтынның қазаны еді
Киров атты шахтаң мен «Отыз бірің».
Тұрғызбай белшесінен борыш басты,
Ұшырап олқылыққа күні бүгін.
Ақыным менен озып бәйгі алатын
Көрсетші, шабысыңның көпке түрін?
Көшен:
Сөз соңы сарқып барып, сынға төкпек,
Не тентек, белдеу үзген, жолға шекпек.
Қаны жоқ сорғалаған жара қылып,
Ежелден сөз қамшысы еттен өтпек.
Аралап ар мен намыс, жан жүйені,
Ал бір де қабырғаның жігін сөкпек.
Сондай-ақ, ей Жолдеке, айттым ауыр,
Келгенсоң шаршы топта шын жекпе-жек.
Мұнымен қояд деме әнмен сыңсып,
Мініңді тастағанша түгел қыршып,
Тулақтай он көтеріп, бес сілкемін,
Шығады әлі терің беттен шып-шып.
Сілтемей сөз қанжарын қоямын ба,
Етімді ауыртқан соң қатты шымшып?
Алмастай біз тіліңді алдың салып,
Білмедім қай жерімнен таптың шымқып.
Болған ба қыран жастар сен де ғана,
Жоқ еді, қайдан таптың, бұл бағана,
Жастардың қаһарманы мен де емес пе?
Қотарған қара жерді дала-дала
Отыз сегіз мың тонна біздің жастар
Беріпті қайсысы көп өзің сана?
Танк жасау қорына тағы берсе,
Досым-ау, сонда сенен аз бола ма?
Алты жүз тоқсан тонна, әйелдер боп
Бергені, айында июнь, жай қала ма?
Ұғып ал, әлі саған, үлгі болад,
Басқарған әйелдерді Порохова.
Тоқталдың асханамның қасығына,
Онсыз тамақ ішілмес асылы ма?
Сен түгіл, басқа адам да таңданатын.
Тәрелке, ожау, шөміш, қасығыма.
Сөз қылдың, көмір шаба барушы ма ед
Забойға сіздің жақтың қасығы да?
Сенің де асханаңды көрген барып,
Жүргенін талайлардың ашуланып.
Көбіне касық түгіл ыдыс жетпей,
Алғанын ведроға каша салып.