Page 225 - karagandy_zhumyszhylarynyn_angime_zhyrlary
P. 225
«Көршім» деп мүйізіңе іле кеттің,
Мені де жақсы отырған арадағы.
Олқылық бір сенде емес екеумізде,
Болғандай болды салғырт мешеу бізде.
Жоспар кем, дайындық аз, завал жиі,
Санашы осылардан нешеу сізде?
Дауысы ақын Көшен кетті қатты
Аспандап ақиықтай қанат қақты.
Дегені «аз да болса кемдігің бар»,
Сол сөзі Жолдыкейдің жанға батты.
Мұндай сөз естімеген ел болғалы,
Арқада Қарағанды кен болғалы,
Жоюға, аттаныңдар кемшілікті,
Ерлерім, болмаған іс, ер болғалы!
Күн сайын аспанға асып, өрлеп үнің,
Шалғандай серпіндерің көктің күйін,
Атыңнан айналайын кенші деген,
Күшіңді осы айда да төгілдірдің.
Құлатып жау ордасын, туын жығып,
Ерлерім баратқанда саздай сығып,
Көмірді нөсерлете қарпыған соң,
Барады алдарыңнан жұмыс ығып.
Алуан күш, нөсер тасқын, қажыр, қайрат
Сендерде сеңнен қайтпас қаһарлы айбат.
Майданның оң қанаты сендерсіңдер,
Бірің—дем, бірің—қару, бірің—қанат!
Еріндей ертегінің ақыратын,
Еңіреп ел аруағын шақыратын
Дер кезің, толған шағың, болған күнің,
Жаһанды астан-кестен сапыратын.
Ел сенген, елдің ері сендерсіңдер,
Тереңге жауын тұтас батыратын.
Ұмытпа, өтпегенін сын сағаты,
Бір сапар өтіп кетті іс ағаты
Күрекші, крепильщик, бәріңе айтам:
Отанның орындалсын аманаты!