Page 9 - Zhadymasyn_zhaqsy_aga
P. 9
«Жазылар естеліктер мен туралы...»
(қаламгер замандастарының ақын жайлы естеліктері)
Ақын Мұқағали Мақатаевты халық арасында «Қазақтың ақиық
ақыны», «Хан тәңірінің Мұзбалағы» деген теңеулермен атайды, ал бұл
теңеулердің мәнісі: қазақ құсбегілері бүркітті сынына қарай бес түрге бөлген
екен. Соның бесінші сыны - бітімі зор, көзі шүңгіл, балапан кезінде жүні
қара, балақ жүні шудалы, ақ білек, ақиық, жүнінің ұшында ақ бұршағы бар
құсты құсбегілер Алтайдың ақиығы деп атайды. Бұл қарлы биік тауларда,
әсіресе, Алтай тауында көбірек кездеседі екен. Ал, Хан Тәңірінің мұзбалағы
теңеуін Мұқағалидiң 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған
салтанатты жиында «Парасат» орденінің иегері, ақын Несіпбек Айтұлы сөз
сөйлеп, Мұқағалиға ең алғаш осы теңеуді айтқан екен. Ақын бұл бастаманы
халық бірден қолдап, іліп алып кеткендігін ерекше атап өткен. Яғни, бұл
жердегі «мұзбалақ» сөзі де бүркіт пен қыран құсқа байланысты қолданылған.
Расымен, ақынның өзі жырға қосып кеткендей ол туралы жазылар
естеліктер де, жазылған естеліктер де, оған берілген және болашақ ұрпақ
беретін биік теңеулердің де талайы айтылары хақ. Замандастары, жалпы,
Мұқағалидың көзін көрген үлкенді-кішілі қауым, ақынның әдебиет әлеміне
қадам басқаннан өмірден озғанға дейін қасында болып бірге қуанған, бірге
мұңайған қаламгер достарының естелігінен үзінділер:
Мұқағали – қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл
перзенттерінің бірі. Ол – шын мәніндегі ұлттық құбылыс. Бүгінгідегі қазақ
рухы алдың-күлдің тіршіліктен жалығып кеткенде Мұқағали жырларына
үңіледі. Оның, мейлінше табиғи шумақтарынан жанына дауа табады. Оның
үнсіз жымиғанына да халық жадырап, «қағаржып үнсіз жылағанынан» да
халық тебіренгендей, халық күңіренгендей болады. Ол халық болмысымен
бірге қайнасып кеткен ұлы тұлға.
Әбіш Кекілбаев
Біз Мұқағалиды сәл де ұмытқан жоқпыз. Ұмыта да алмаспыз. Қайта
арамызға түскен уақыт оның тұлғасын зорайта, асқақтата түсіпті.
Жыры жалын ақын қазақ өлеңі өлкесіндегі бір асқарға – дара Алатауға
айналғандай.
Әбділда Тәжібаев
Мұқағали жалғандықты, мүләйім жағымпаздықты, әдебиеттегі
саудагершілікті, жалақорлықты, бәләқорлықты жан-тәнімен жек көрген
ақын.
Шерхан Мұртаза
...Ол пәк сәби сияқты мөлдір тұлға еді. Кім біледі, ащы судың желігімен
мінезі өзгерген кездері де болған шығар. Ал мен үшін ол ұяң да нәзік, ақ көңіл
де көпшіл әрі мейлінше қарапайым азамат болатын.
Нұрғиса Тілендиев
9