Page 12 - Zhadymasyn_zhaqsy_aga
P. 12
16 ақпан 1976 жыл
Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам
ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін
азаматымын деуге де қақысы жоқ.
Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет.
Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға
ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол
сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып
беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл
басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда
философ болу деген сөз – өзін қоршаган әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу.
Алайда салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін
«адам жанының инженері» болып қалу керек…
17 ақпан 1976 жыл
Бүгінгі күнмен, бүгінгі өмірмен ғана тіршілік жасап жатқан
адамдардың даңқы мен атағы арта берсін. Бір күнін жақсы өткізді ме, жетеді.
Олар үшін өмірдің мәні – өз ғұмырын қыжалатсыз молшылықта, уайым-
қайғысыз өткізіп, артына жақсы, бай мұра қалдыру. Несі бар, олардікі дұрыс.
…
Мен бір нәрсеге – поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адаммен,
табиғатпен бірге өлетініне – кәміл сенемін. Адамзат жаны қатыгез тартса
тарта берсін, қайтсе де бір парасатты адам қалады. Ол – ақын. Ақырғы сөз
сонікі.
28 ақпан 1976 жыл
Әттең, ауруым болмаса, биылғы жыл мен үшін жаман басталмады.
«Өмірдастан» – таңдамалым он бес мың дана боп шықты: аса жаман емес.
Мазмұны, тақырыбы мені қанағаттандырады. Бұдан 10–12 жыл бұрын
жазғандарымның жаңа дүниедей оқылатыны қуантады. Бәрі орнында…
Ақынның толғаныстары, күйзелістері өлеңдерінде ғана емес, жеке
күнделігінде де анық жазылған...
Қазақ халқының Мұзарт шолған Мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев
Алматы облысында 1976 жылдың 26 наурызында 45 жасында бауыр циррозы
ауруынан көз жұмды.
12