Page 8 - Отан ұлдары жадынама
P. 8
шығармалар жазған, тәржіме жасаумен де көбірек шұғылданған. Әдебиет зерттеуші ғалым
ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосқан. Сондай-ақ,
Қазақ КСР Гимн жазған.
Қайым Мұхамедханов салған сара жол...
Семей өңірінде әдеби өлкетану мәселесіне, оның ішінде Абайдың ақындық
мектебіне байланысты ғылыми-зерттеумен айналысып жүрген кейінгі буын ғалымдардың
барлығы дерлік Қайым Мұхамедханов салған жолмен жүруді дәстүрге айналдырған. Бұл -
Қайым Мұхамедхановтың М.Әуезов үлгісімен салған ғылыми концепциясының
дұрыстығын білдірмек. Бұған дәлел ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымындағы іргелі
мектеп болып саналатын Абайдың ақындық айналасына арналған «Абай айналасындағы
ақындар» (1950ж.) атты монографиясы, «Абайдың ақын шәкірттері» (1993-1997) деген
ғылыми-зерттеулері әдебиет тарихы ғылымының жаңа бір беттері болып ашылған. Ол
Абай мектебінің талантты өкілдері: Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс,
Әріп, Әсет және тағы басқа қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларының
жиналып, баспаға дайындалуына және іргелі ғылыми-зерттеулердің нысанына айналуына
тікелей ықпал еткен. Сондай-ақ, ұлы Абайдың өмірі мен шағырмашылығына арналған ірі-
ірі ғылыми-зерттеулер мен абайтану саласындағы тың жаңалықтар да Қайым
Мұхамедханов есімімен тығыз байланысты болған. 1995 жылы Абай шығармаларының екі
томдық академиялық жинағы текстологиялық жағынан дұрысталған нұсқасымен шығуына
да ғалым өз үлесін қосып, сол жылы жарыққа шыққан «Абай» энциклопедиясының
редакциялық алқасын басқарған Қайым Мұхамедханов бұл басылымның да мағыналы,
мәнді болуы үшін көп тер төккен. Өмірінің соңына дейін Абай мектебі мен абайтану
мәселесіне байланысты талмай еңбектенген ғалым үшін энциклопедияның әр мақаласы
маңызды болған. Мақалалардағы мәселелердің тарихилығы мен нақтылығы, Абайдың
ақындық мектебінен тәжірибе алған әр ақын мен жеке тұлғалардың шығармашылық өмір
жолы туралы тың деректердің сарапталып, баспаға түсуіне аса мән берген.
Абай мектебі...
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов
Қ.Мұхамедхановтың текстологиялық зерттеулерінің
маңыздылығын, оның Абай мектебін зерттеуге қосқан
үлесін, оның М. Әуезовтың ең жақын досы болғандығын
атап өтіп, эпопеяны жазу кезінде М.Әуезовтың Қайым
Мұхамедхановтан көптеген материал алғанын айтады:
« ..... Кәкең Абайтану ғылымының ең білгірі болды. Бүкіл
саналы ғұмырын абайтану ғылымын дамытуға жұмсады. Абай шығармаларының
текстологиясы туралы тамаша зерттеу еңбегін жазды. Соңына «Абайдың ақын
шәкірттері» деген төрт томдық қымбат қазына қалдырды. «Абай» энциклопедиясын
шығаруға аянбай атсалысты. Кәкең ұлы Мұхтар Әуезовтің ең жақын досы болды. «Абай
жолы» эпопеясына байланысты көптеген деректерді Мұхаң Кәкеңнен – Қайым
Мұхамедханұлынан алды».
Отызыншы жылдардың соңына қарай, Абай мұрасы және оның айналасы жойылып
кетуге шақ қалған. Көптеген экспедициялар кезінде Абайды көзі көрген қариялардың
ақын және оның шәкірттері туралы естеліктерін жазып алу, ауызша түрде сақталған
шығармаларын қалпына келтіру, жазбаша үзінділерді мұқият оқып, қай шәкірттікі екенін
текстологиялық талдау әдісімен анықтап, дәлелдеу қажет болған. Бұл кезеңдегі ғалымның
еңбегі – ол алғаш рет Абайдың әдеби мектебіне ғылыми негіздеме қалады. Бұл төңкеріске
дейінгі және қазіргі қазақ әдебиеті арасында өзіндік «көпірдің» ашылуы болған. Ғылыми
зерттеулерде Абай мектебі, бұл – қазақ әдебиетіндегі бірегей мектеп екені, жалпы әлем
әдебиетінің өзінде әдеби мектептердің болуы бірен-саран ғана екенін атап айтқан.