Page 78 - 2023_kzd
P. 78
1835 жылдың мәліметтерін баяндаған азғана жолдарға тоқталып өтсек. Қарқаралы-
Қызылшар күре жолының бойында ара қашықтығы 25-30 шақырымдық бекеттер бар екен. Әр
бекетте пошта тасымал ісінің мезгілінде жүруін қамтамасыз ету міндетін қалыпты атқарып
тұратын әскери топтар тұрған. Қарасор көлінің жағасында, Талды өзені мен Тоқпан тауының
арасына орналасқан Қоянды бекеті басқалардан ешқандай айырмашылығы жоқ көне
қоныстардың бірі екен.
1848 жылдың жазында орыс көпесі Варнава Ботов тай-тай бумаларын, күнделікті
тұрмысқа қажетті шаруашылық заттары тиелген керуенін Қоянды бекетіне доғарып, маңайдағы
елге хабар салады. Осылайша 1848 жылы ұйымдастырылған Ботов жәрмеңкесі XIX ғасырдың
80 жылдарына дейін 25 мамырдан 25 маусымға дейін, ал 1882 жылдан 1 маусымнан 1 шілдеге
дейін жабылғанына дейін жыл сайын жұмыс жасап келген. Арқа төсінде 82 жыл дүрілдеген
Қоянды жәрмеңкесі үлкен нәубет алдында, 1930 жылы біржолата жабылды.
Кезінде Көпес жергілікті жұрттан қой, сиыр, жылқы сатып ала бастайды. Осылайша Ботов
саудасы қызу жүріп, жыл сайын жергілікті қазақтардың малы саудаға түсіп жатады. Басқа
заттар дабасында мемлекеттік мекемелер жүйесі де кеңейеді. Сауда қатарынан аулағырақ үйлер
салынып, бірте-бірте пошта-телеграф кеңсесі, мемлекеттік банк, сот үйі, қонақ үйлер ірге
көтерген.
Қоянды жәрмеңкесінің басты табары да ең маңызды саудасы да, әрине, мал, мал өнімдері
болған. Бір айдағы сауда кезінде Қарасор алқабына жарты миллионға дейін қой, 200 мың
көлемінде сиыр әкелінеді екен. Тіпті, қазақтың сол кездегі Қысымов, Маманов сияқты
жекелеген атақты байлары бір жолғы жәрмеңке саудасына 50 мыңнан 100 мыңға дейін мал
әкелген. Сонымен бірге Қоянды жәрмеңкесінің жедел дамып, маңызының арта түсуіне
Қарқаралы аймағындағы тау-кен өнеркәсібінің өркендеуі де ықпал етті.
Мысалы: 1849 жылы Богославск, 1859 жылы Николаевск мыс-қорғасын зауыттары
ашылды. 1861 жылы Спасск мыс қорыту зауыты жұмыс жасай бастаған. Николаев (Богослав)
мыс-қорғасын зауыты Қарқаралы қаласынан оңтүстік батысқа қарай 75 шақырым жерде,
Берікқара тауында жұмыс жасаған. Тұңғыш балқыманы 1859 жылы 1 маусымда алған. Зауыт
Берікқара, Сәмәмбет, Пұшық, Кеңшоқы кеніштерінің кенімен, Қызылтаудың тас көмірімен
жабдықталды.
Жұмысшылар саны 150-160 адам аралығында болған. Барлығы 768 тонна мыс, 152 тонна
қорғасын балқытылған. 1877 жылы тау-кен өнеркәсібі иелерінің банкротқа ұшырауына
байланысты зауыт жабылып қалған.
Жәрмеңке өтіп жатқан кезде Қарқаралының әкімшілік басқару орындары Қояндыға
ауысып келген кездері де болған.
Қояндыда маңайдағы болыстардың сияздары, түрлі ақылы істер мен жер дауы қаралатын
төтенше жиындар өткізілген. Бір сөзбен айтқанда, көптеген өзекті мәселелер осы жәрмеңке
үстінде шешімін тауып отырған.
Кеңес өкіметі тұсында жәрмеңкеде Қызыл отау, үгіт пункті құрылып, «Қызылжол» атты
ауызша газет шығарылған. Кино-қондырғы жұмыс істеп, жәрмеңкенің төрт бұрышына дыбыс
күшейткіш орнатылған.
Бұл жәрмеңке қазақ халқының табиғи дарындыларының бастарын қосатын ғажайып ашық
дала театры болды. Қоянды жәрмеңкесінің атап айтатын ерекшелігі көпшіліктің, көңілін
көтеретін ойын-сауық көріністері деп білген жөн. Айтыстар, әншілер сайысы сахналық
көріністер, палуандар күресі, сиқырлық өнерлер осы мезгілде өтетін болған. Осы атақты
Қоянды жәрмеңкесіне келмеген өнер саңлақтары кемде-кем. Мұнда Абай, Ақан сері, Біржан
сал, Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Майра Уәлиқызы, Иса Байзақов, әлемге
әйгілі күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан шолақ, Мәди Бәпиұлы, аса дарынды
сахналық ойын-сауық өнерпаздары Зәрубай Құлсейітов пен Әбдінің Омары (Қарамылқау),
Қалибек Қуанышбаев жылда жәрмеңке аяқталғанша халыққа өз өнерлерін көрсеткен.
Өнерпаздар ойын-сауық қоя жүріп, өз өнерлерін шыңдаған.
78