Page 73 - 21kzd_kz
P. 73

Ол ғылыми еңбегіне жер қойнауының геометриясын өзек етіп алды. Бұл екінің бірінің тісі
            бата  бермейтін  тың  тақырып  еді.  А.Машановтың  диссертациясындағы  кен  орындарын
            зерттеудің  жаңа  әдісі  Қазақстанның  көптеген  кен  орындарында  байқаудан  өтті.  1940  жылы
            геологиялық-барлау ғылыми экспедициясын басқарып жүрген аспирант Ақжан осы жаңа әдіс
            негізінде Ақбастау-Қосмұрын алтын кен орнын ашты. Сөйтіп, кендердің жер қойнауында түзілу
            заңдылықтарын ашуда алғаш  рет жер  қойнауы  геометриясының  әдістерін  қолдануы  геология
            мен тау-кен саласында ғылыми жаңалық болды.
                  1946 жылы Ақжан Жақсыбекұлы Мәскеу қаласында «Кендер құрылымын жер қойнауын
            геометрлеу әдістерімен зерттеу» тақырыбына докторлық диссертация қорғады. Ғылыми жұмыс
            үш мамандықтың (геология, механика және тау-кен ісі) түйісінде жүзеге асқан болатын. Сөйтіп,
            үш  ғылым  саласының  түйісуіне  тау-кен  ісінде  жаңа  ғылыми  бағыт  –  «геомеханика»  дүниеге
            келді.
                  А.Машанов жетекшілігімен жүргізілген геомеханика саласындағы ғылыми жұмыстардың
            өрісі кеңейіп, жас ғалымдар саны көбейе түсті. Ол КСРО-дағы геомеханика ғылымының негізін
            салушылардың  бірі  және  Қазақстандағы  геомеханика  мектебінің  іргетасын  қалаушы.  Тау-кен
            саласындағы  ғалымдар  ішінде  алғашқысы  болып  «Геомеханика»  пәнінің  мақсаты  мен
            мазмұнын  тұжырымдады.  А.Машанов  көптеген  ғылыми  кітаптар  жазды.  Солардың  ішіндегі
            «Механика массива горных пород», «Введение в геомеханику», «Основы геомеханики скально-
            трещиноватых  горных  пород»,  «Геомеханика», «Устойчивость  бортов  карьеров  бассейна
            Каратау»  сияқты монографиялық  еңбектері  осы  саладағы  іргелі  зерттеулер қатарына жатады.
            Оның  еңбектері  Германияда  неміс  тілінде  жарық  көрді.  Бұл  оның  ғылыми  мектебінің
            халықаралық  деңгейде  мойындалуы  еді.  А.Машанов  тау-кен  атауларының  тұңғыш  сөздігін,
            жоғары  оқу  орындарына  арнап  қазақ  тілінде  көптеген  оқулықтар  даярлады,  солардың  бірі
            «Кристаллография,  минерология  және  петрография»  атты  кітабы  соңғы  ғасырдағы  алғашқы
            және әзірге жалғыз оқулық болып есептелінеді.
                  А.Машанов  ғылыми-техникалық  білімді  көпшілікке  кеңінен  насихаттаушы.  Оның
            қаламынан  туған  «Жанар  тау»,  «Жер  сілкіну»,  «Таулар  қалай  құрылды»,  «Жер  сыры»,
            «Ғажайып ошақ басында», «Табу» сияқты кітаптары көпшіліктің ықыласына бөленді.
                  Ақжан Жақсыбекұлының баға жетпес, ерлікке пара-пар келетін, еңбегі – ұлы бабамыз Әл-
            Фарабидің  қазақ  топырағында  туып  қана  қоймай,  қаны  түркі  екендігін  дәлелдеудегі,  оның
            еңбектерімен ұрпағын сусындату және насихаттаудағы теңдессіз қызметі. Ғалымның арқасында
            Әл-Фараби  сынды  ұлы  ғұламаның  рухы,  есімі  өз  Отаны  қазақтың  қара  топырағына  қайта
            оралды.  Бұл  жолда  жер  жүзі  елдерінің  кітапханаларында  шашырап  жатқан  Әл-Фараби
            еңбектерін жинап, 1969 жылы бабамыздың Дамаск қаласынан бейітін тапқан да Ақан Машанов
            еді. Әл-Фарабидің  «Пәлсапалық  тоғыз  трактатын»  қазақшалап, оған  алғы  сөз  жазып,  тұңғыш
            рет ана тілінде сөйлетті. Музыка, астрономия, математика, сәулет өнері, логика салаларындағы
            мұраларын қазақ дүниетанымымен сабақтастыра зерттеді. Халқымыздың екі данасының рухани
            байланысына арналған «Әл-Фараби және Абай» атты монографиясы (1994) тек абайтануда ғана
            емес, ұлттық мәдениетіміздің мың жылдық мұрасын игерудегі һәм  ғылыми-ислами түсінігіне
            бағышталған қазақ торырағындағы зерттеу болып саналады.
                  А.Машанов  1984  жылы  Кувейтте  шығатын  «Әл-Фараби»  журналына  «Орта  Азияның
            мәдениет  шамшырақтары»  атты  мақала  жариялап,  онда  өз  пікірін  дәлелдеді.  Кейіннен  осы
            мақала  төңірегінде  жарық  көрген  пікірлерде  белгілі  ғалымдар  «Әл-Машани  мырза  өз
            көзқарасын толық дәлелдеді» деп жазды. Міне, содан бері «Әл-Фарабиді ашқан Әл-Машани»
            деген  сөз  тіркесі  жалғасып  кете  берді.  Әл-Машани  деген  атақ  Ақаңның  өзіне  де  ұнағандығы
            соншалық,  «Ай  арысы»  және  «Геомеханика»  атты  кітаптарында  авторы  Әл-Машани  деп  өз
            қолымен жазып кетті.
                  Жалпы, Әл-Машани 200-ден астам ғылыми мақалалар, 10 монография, 5 оқулық және 8
            ғылыми көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым. Осы еңбектері арқылы
            ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі елге мәшһүр болды.
                  Ғалымның еңбектерінде өзі ашқан Ақбастау, Қосмұрын, Жосалы пайдалы кен қазбалары
            жайлы  да,  Торғай  алқабының  геологиялық  құрылысы  туралы  зерттеуі  де,  Жезқазған  мыс
            рудасы бассейнінде жер қойнауының геомеханикалық әдістерін қолдануы жайлы деректер де
            мол. Осының бәрінде ол табиғатқа, жер байлығына қазақ халқының көзімен қарады.
   68   69   70   71   72   73   74   75   76   77   78