Page 93 - kzd
P. 93
мінезді қыз Арқаның бұрау, теріс бұрау, тел бұрау, шалыс бұрау сияқты құлақ күйлермен
тартылатын күйлерін еркін меңгеріп, өзі қатарлы домбырашылармен тізе қосып күй
тартысқанда ұдайы өнерін асырып отырған. Талай рет додалы күй айтыстарына да түскен.
Әрине, күймен айтысу үлкен өнерді қажет етеді. Мұндайда өзгенің күйін көп білу оны
келістіріп тарту жеткіліксіз. Ең бастысы жаныңнан шығарған күйлермен қарсыласың мойын
оздыруың керек. Аққыздың өзі шығарған күйлерін кезінде Қыздарбек Төребайұлы тыңдап
батасын берген. Әсіресе, «Аққыз» деп аталған тырнақ алды күйін сол кездің жастары қолдан
қолға көшіре үйреніп, сүйіп тартатын болған. Сабырлы сыр мен нәзік ойнақылығы қос ішек
жарыса үн қататын бұл күй Аққыздың өзіндік қолтаңбасы жарқын айғақ.
Ахметқызы Аққыздың өнерге алаңсыз беріліп мұңсыз-қамсыз кешкен ғұмыры мейлінше
келте болған. Он жетінші жылғы төңкерістен кейін желбуаз ұраншылдық, елді жікке бөліп
қырқыстырған таптық көзқарас, ұжымдастыру тәркілеу сияқты саяси әлеуметтік шаралардың
бәрі ауқатты жанұялардың шаңырағына жалаң қылыштай үйірілгені белгілі. Мұндай нәубеттен
Ахмет байдың да отбасы қалмайды. Қатал заманның нысанасына ілінген ең алғашқы бес жүз
байдың бірі ретінде қорлық пен зорлықтың небір сорақылығын бастан кешіп тәркіленеді.
Сонсоң, көп кешікпей-ақ, репрессияға ұшырайды.
Аққыз домбыраға қол созуға қорыққан жылдарды бастан өткереді. Адам ғана емес, ұлттың
мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған өнер де репрессияға ұшырайды. Әйгілі «Зар Қосбасарды»
дүниеге әкелген ауылдасы Әбди Рысбекұлы 1931 жылы тек күй тартқан үшін атылады. Дәл сол
жылы «Наз Қосбасардың» авторы, буынсыз күйші Айдостың Сембегі атылады. Оның да бар
кінәсі күй тартқаны. Бұл сұмдықты көзімен көріп, жаны түршіккен Әбікен Хасенов шыбын
жанын алып қашады... Сол уақытта домбыраны жастанып ұйықтайтын Аққыз, енді домбыра
көрсе үрейленіп, зәресі ұшатын болады.
Міне, күйшіліктің мың жылдық ұлы дәстүрі бір ғана ұрпақтың көз алдында осындай
нәубетке тап болды.
Ахметқызы Аққыз - Итаяқ, Қыздарбек, Әшімтай бастаған күйшілер легінің шәкірті.
Аққыз күйшінің алдына отырып, саусағына саусағын шуда жіппен матастырып, домбыра
үйренген күйші - Қазақстан Республикасының халық әртісі Мағауия Хамзин.
Аққыздың өз құрсағынан туған жалғыз баласы Тілеужан да күйшілік өнердің парқын
білетін жаны сергек азамат.
Жастайынан күйшілік өнермен қатар, әншілікті де меңгерген. Қ.Байжанов, М.Ержанов
сынды өнер саңлақтарының қасына еріп, ән салып Ә.Хасеновтен күйшілік шеберлігін
шыңдаған.
М.Хамзин, Ә.Әбенова, Ж.Омашев, Т.Түсіпбеков сияқты күйшілерге ұстаздық еткен.
70-жылдардың басында республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің журналисі
Ақселеу Сейдімбеков ақ әже туралы (ол кезде ол әже болған) еске түсірмесе, оның есімі
ұмытылмай қалатын еді. Ол Аққыздың шығармашылығы туралы бірінші болып жазған.
Кейін оны Алматыға шақырып, Аққыздың орындаған күйлерін жазады.
1897 жылы дүниеге келген ол ұзақ өмір сүрді. 1987 жылы 7 мамырда қайтыс болды.
Аққыз қайтыс болғаннан кейін оның есімі нағыз даңққа ие болды. Ұрпақтары оның ұлы
шығармаларын тапты. Енді күйшінің әр мерейтойына Ақтоғай ауданының тұрғындары ас
береді.
Әдебиеттер:
Аққыз // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия: энциклопедиясы / бас ред. Ә. Нысанбаев. -
Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998 - 1 т.: А - Ә. – 188 б.
Аққыз Ахметқызы ///Қарағанды. Қарағанды облысы: энциклопедия / ред. А. А. Абдулин. -
Алматы: Атамұра, 2006. - 100 б
Аққыз: естеліктер мен толғаулар / Құрас. Б.Ж. Тәкішов. - Қарағанды: Болашақ- Баспа,
2007. - 94 б.
Ахметқызы Аққыз //Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері Астана: Күлтегін, 2002.- 677 б.
Бекенов У. Аққыз // Күй керуені: оқу құралы. - Алматы : Өнер, 2002. - 40 б.
Бекенов У. Аққыз // Күй табиғаты. - Алматы : Өнер, 1980. - 44 б.
93