Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Тұмар» этноклубы аясында «Кітап пен қалам: ақынмен сырласу» атты әдеби кеш өтті. Бұл рухани басқосу оқырман мен ақын арасындағы шынайы сырласуға, өлең мен ойдың терең үйлесіміне құрылған тағылымды кездесу болды.

Кештің қадірлі қонағы - ақын, «Тұмар» этноклубының белсенді мүшесі, «Ақ қауырсын» әдеби клубының жетекшісі Таңсәуле Әгенқызы. Ол поэзиядағы ізденістері, шығармашылық жолындағы шабыт көздері туралы ой бөлісіп, жүректен туған сырлы жырларын оқырман назарына ұсынды. 

Әдеби кешке «Ақ қауырсын» әдеби клубының алқа мүшелері – Н. Айтмұқошов, «Шыр еткен дүние» кітабының авторы, ақын және М.Үмбетәлиұлы, айтыскер ақын, қоғам белсендісі қатысты. Қонақтар әдебиет пен руханият, қазіргі поэзияның бағыты мен қоғамдағы орны туралы ой қозғап, мазмұнды пікір алмасты.

Кеш барысында «Оқылған кітап – өрелі ой» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтар әдеби диалогты одан әрі тереңдете түсті. Кездесу аясында Т. Әгенқызының «Бозмұнар» жыр жинағына ерекше назар аударылды. Бұл жинақ жас ұрпақты кітап оқуға, поэзия арқылы өзін тануға жетелейтін, «Кітап оқитын ұлт» идеясымен үндес құнды еңбек ретінде атап өтілді. Ақын өз кітабын белсенді қатысушыларға қолтаңбасымен сыйға тартты.

Сонымен қатар шара аясында «Тұмар» этноклубының кезекті отырысы өтіп, алдағы кезеңге арналған жылдық жоспар талқыланды. Жаңа бастамалар мен рухани жобалар жөнінде ой бөлісіліп, клуб жұмысының болашақ бағыты айқындалды.

Аталған әдеби шара өңірлік баспасөз назарынан тыс қалған жоқ. Орталық Қазақстан газетінде кешке арналған «Таңсәуленің таңғажайып әлемі» атты мақала жарық көріп, ақынның шығармашылық болмысы мен әдеби кештің мазмұны кеңінен қамтылды.

Өлеңді өмірінің өзегіне айналдырған ақынға шығармашылық шабыт, толағай табыс пен жаңа биіктер тілейміз.

Орталық Қазақстан газеті «Таңсәуленің таңғажайып әлемі» мақаласы