2026 жылғы 30 қаңтар күні «Ой орда» пікірлесу клубының жаңа маусымының ашылуына арналған алғашқы отырыс өтті. Кездесу Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Тарих факультетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасы жанындағы «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубының студенттерімен бірлесіп өткізілді. Кездесу барысында клубтың алдағы жылға арналған жұмыс жоспары кеңінен таныстырылып, талқыланды.
Отырыста «Ой орда» пікірлесу клубының негізгі мақсаты – жастар арасында еркін пікір алмасу мәдениетін қалыптастыру, туған өлке тарихына қызығушылықты арттыру, тарихи тұлғалар арқылы ұлттық сана мен азаматтық ұстанымды нығайту екені атап өтілді.
Кездесу барысында 2026 жылға жоспарланған негізгі іс-шаралар таныстырылған презентация көрсетіліп, әр бағыт бойынша мазмұнды талқылау өтті. Атап айтқанда, жыл бойына өткізілетін пікірлесу отырыстары, танымдық кездесулер, экскурсиялар мен ашық диалог форматындағы іс-шаралар жастарға бағытталған маңызды алаң болатыны айтылды.
Клубтың жұмыс жоспарына сәйкес:
• «Ойдан – іске: жастар мен қоғам» тақырыбымен жаңа маусымның ашылуы;
• Абайтанушы ғалым Қайым Мұқамедхановтың 110 жылдығына арналған «Рухы биік тұлға» танымдық сағаты;
• 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аясында Долинка кентіндегі музейге экскурсия;
• Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің өмірі мен ерлігіне арналған ашық диалог;
• Қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Жақып Ақбаевтың 150 жылдығына арналған ой-пікір алаңы енгізілген.
Талқылау барысында қатысушылар жоспарланған іс-шараларға қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, клуб жұмысының мазмұнын байытуға бағытталған ойларымен бөлісті. Кездесу жастар тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, «Ой орда» пікірлесу клубының тұрақты әрі мазмұнды жұмыс істеуіне негіз қалады.
