- Мақала жайында ақпарат
- Көру саны: 6
Достар!
2026 жыл – Қарағанды өңірі үшін тарихи оқиғалар мен мерейтойларға толы ерекше жыл. Осыған орай Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өлкетану әдебиеттері бөлімінің дәстүрлі түрде дайындайтын «2026 жылға арналған библиографиялық көрсеткішті» оқырманға ұсынып отыр.
Бұл басылым – туған өлкенің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін зерделеуге, белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметін насихаттауға арналған құнды рухани-танымдық құрал.
Көрсеткіште өңір өмірінде және республика көлемінде аталып өтетін маңызды даталар қамтылған.
Олардың қатарында:
• ұлт көсемі, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығы,
• заңгер, қоғам қайраткері Жақып Ақбаевтың 150 жылдығы,
• тұңғыш қазақ математигі, профессор Әлімхан Ермековтың 135 жылдығы,
• Қазақстанның халық артисі, әнші-композитор Манарбек Ержановтың мерейтойы,
• өлкетанушы, тарихқа өлшеусіз үлес қосқан Леонид Семеновтың 125 жылдығы,
• Қарағанды облысының 90 жылдық мерейтойы және тағы басқа тарихи оқиғалар бар.
Сондай-ақ биыл қазақ ғарышының тұңғыш қыраны Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығы және оның ғарышқа ұшқанына 35 жыл толуына орай материалдар енгізілді.
Көрсеткіште жыл күнтізбесі хронологиялық ретпен жүйеленіп, әр датаға қысқаша анықтама беріліп, тақырыпқа қатысты соңғы жылдары жарық көрген әдебиеттер ұсынылған. Басылым қазақ және орыс тілдерінде құрастырылып, қосымша дереккөздер мен онлайн-ресурстарға сілтемелер қамтылған.
Бұл библиографиялық көрсеткіш - оқырмандарға пайдалы бағыт-бағдар беріп, ізденіс көкжиегін кеңейтеді. Ендеше, бірге оқып, көрсеткішті тиімді пайдаланып, жаңа білім көкжиегін ашайық!
- Мақала жайында ақпарат
- Көру саны: 0
Жыл сайын Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі Қазақстан Республикасының тарихи және ұмытылмас күндеріне арналған күнтізбе дайындайды.
Бұл күнтізбеде танымал ақын-жазушылары, мәдениет пен өнер қайраткерлері, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің 2026 жылы аталып өтетін мерейлі даталары қамтылған. Сонымен қатар, еліміз үшін маңызды тарихи оқиғалардың күндері, мемлекеттік және кәсіби мерекелер де көрсетілген.
Құрастырушы мерейтойлы даталарды кеңінен насихаттау мақсатында Н.В. Гоголь атындағы кітапхана қорында сақталған әдебиеттер тізімін ұсынады.
Ал күні мен айы нақты белгіленбеген айтулы оқиғалар жеке беріліп, оларға да әдебиеттер тізімі ұсынылған.
Күнтізбе айларға бөлініп, жүйелі түрде орналастырылған.
Басылым қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді.
Ол көпшілік қауымға, сондай-ақ мамандарға, студенттер мен оқушыларға, мектеп ұстаздары мен кітапханашыларға арналады.
- Мақала жайында ақпарат
- Көру саны: 59
2025 жылдың 9 мамырында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80-жылдығы аталып өтеді – бұл халықтардың ерлігі, батырлығы және бірлігін мәңгі есте қалдыратын тарихи дата.
Қазақстан Жеңіске баға жетпес үлес қосты: 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанып, олардың 600 мыңнан астамы оралмады. Қазақ халқы Сталинград шайқасы, Берлинді алу сияқты ірі шайқастарда көзге түсіп, тылда республика қару-жарақ, азық-түлік өндірісі мен эвакуацияланғандардың орналастыруға сенімді тірек болды.
Н. В. Гоголь атындағы ОӘҒК. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Облыстық кітапхана – аймақтық зерде» атты бағдарлама аясында «Қарағандылық Кеңес Одағының Батырлары» жобасын дайындады URL: https://karlib.kz/ru/geroi-karagandintsy.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай сіздердің назарларыңызға аталмыш жобада ұсынылған материалдарды толықтырып, библиографиялық көрсеткіш ұсынамыз.
Көрсеткішті құрастыру барысында «Қаhарман қарағандылықтар = Герои – карагандинцы» атты басылымнан материалдар алынды.
(Қаhарман қарағандылықтар = Герои - карагандинцы / ред. Г. Ж. Бабулова. - Қарағанды : Болашақ-Баспа, 2000. - 146 б. : портр.).
- Мақала жайында ақпарат
- Көру саны: 92
Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 млн. астам жерлестеріміздің тең жартысы соғыста ерлікпен қаза тапты.
Ұлы Отан соғысы майданында көрсеткен ерлігі үшін Қазақстанның жүздеген мың жауынгерлері КСРО-ның әскери ордендерімен және медальдарымен марапатталған болатын, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде қазақ қыздары - мерген Әлия Молдағұлова және пулеметші Мәншүк Мәметова.
2025 жылы қазақ халқының ардақты қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы. Әлияның өмірі мен ерлігі — бүгінгі ұрпақ үшін патриотизмнің, табандылықтың, қайсарлықтың айқын үлгісі.
Әлия - тек өткеннің қаһарманы емес, бүгінгі ұрпақтың жүрегіндегі жарқын бейне. Ол - Отан үшін от кешкен қазақ қыздарының символы. Оның өмірі мен ерлігіне арналған «Қазақтың қаһарман қызы» атты библиографиялық жадынама назарларыңызға ұсынамыз.
Жадынамада қазақ және орыс тілдерінде Әлияның өмірбаяны туралы кітаптар, мақалалар, интернет ресурстары және фильмдер тізімі ұсынылған.
Жадынама көпшілік оқырманға арналған.
- Мақала жайында ақпарат
- Көру саны: 43
Тарихтың ауқымды беттерінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлердің орны ерекше. Азаттық жолындағы қасиетті де қасіретті күрестің шежіресін тану – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен міндет. Ұлтының болашағы үшін аянбай еңбек еткен, ғұмырын ел мүддесіне арнаған тұлғалардың өнегесі – келешекке жол көрсететін темірқазық.
Сол бір ел басына күн туған заманда елі үшін ерен еңбек сіңірген дара тұлғалардың бірі – Нығмет Нұрмақов. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері, құқық саласының жаңашыл реформаторы, ел егемендігі жолында аянбай тер төккен азамат. Сонымен қатар, оның публицистика мен журналистикадағы еңбегі, қазақ өнері мен мәдениетіне жасаған қамқорлығы ұлт руханиятына қосылған елеулі үлес болды.
Нығмет Нұрмақов – ұлт алдындағы борышын жүрегімен сезінген тұлға. Оның өмірі мен қызметі – елжандылық пен адалдықтың айқын көрінісі. Біз осындай кемеңгер азаматтың есімін ұлықтап, келер ұрпаққа таныстыру арқылы тәуелсіздігіміздің тарихи негіздерін тереңірек ұғындыра аламыз.
Библиографиялық жадынама студенттер, зерттеушілер, өлкетанушылар және көпшілік оқырман үшін арналған.