Кітапхана төрінде публицист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі, облыс әкімінің «Алтын сұңқар», «Тіл майталманы», «Алтын жолақ» сыйлықтарының иегері, «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабектің «Сұңқардың көз жасы» атты жаңа кітабының салтанатты таныстырылымы өтті.
Оқырман мен қаламгерді жақындата түсетін, рухани әлемді байытып, ой көкжиегін кеңейтетін мұндай кездесулердің берері мол. Ұлттық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруды мақсат еткен тағылымды шараға белгілі ақын-жазушылар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, журналистер, ғалымдар, өлкетанушылар, ұстаздар, кітапханашылар мен студенттер жиналды. Бұл – сөз қадірін бағалаған, рухани дүниеге сусындаған қауымның басын қосқан мәнді басқосу болды.
Іс-шараның ашылуында филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу институтының» директоры Жансая Жанғазыұлы Жарылғапов сөз алып, Ерсін Мұсабектің шығармашылық жолына, азаматтық болмысына тоқталып, мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген жаңа еңбектің мазмұндық маңызына терең талдау жасап, еңбектің рухани-танымдық құндылығын атап өтті.
Құттықтау сөз алған Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы авторды жаңа кітабының жарық көруімен құттықтап, жинақта көтерілген тақырыптардың қоғам үшін өзектілігіне назар аударды. Сонымен қатар ол «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңыздылығына тоқталып, кітап оқу – ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыратын, рухани жаңғырудың берік негізі екенін атап өтті. Оқырман мәдениетін қалыптастыруда осындай мазмұнды еңбектердің рөлі зор екенін жеткізді.
Кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімінде лента қию құрметі елге еңбегі сіңген бірқатар тұлғаларға – ҚР Мәдениет қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбековаға, еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Отарбаевқа, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбайға және Мағауия Сембайдың жары Мейраш Ұзақбайқызына берілді. Олар жаңа туындының мазмұнына тоқталып, авторға ақжарма тілектерін арнады.
Шара аясында кітап кейіпкерлерімен арнайы сұхбат алаңы ұйымдастырылып, оқырман мен шығарма арасындағы байланысты тереңдете түсті. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ұстаз Жақсыкелді Кемалұлы, ардагер журналистер Сүйіндік Жанысбай мен Серік Сексенұлы, сондай-ақ Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының, Шет және Нұра аудандарының оқырмандары атынан сөз алған өкілдер өз ой-пікірлерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Нұржан Арғынұлы Жетпісбаев университет ректоры Нұрлан Дулатбековтың арнайы құттықтауын жеткізді.
Сөз кезегін алған автор Ерсін Мұсабек оқырмандарға шығармашылық ізденістері, журналистикадағы жолы және кітаптың жазылу тарихы туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Оның шынайы ой-толғамдары мен азаматтық ұстанымы қатысушыларға рухани серпіліс сыйлады.
Тағылымды кештің қорытындысында «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы атынан ізгі тілектер жолданып, қаламгерге арналған арнау өлең оқылып, рухани кеш әсем түйінделді.
Кітап таныстырылымы автордың оқырмандарға қолтаңба беру сессиясымен аяқталып, қатысушылар естелік суретке түсті. Сонымен қатар «Көсемсөз көксемсері» атты фото-кітап көрмесі ұйымдастырылып, экраннан автордың шығармашылық жолын қамтыған бейнеролик көрсетілді.
Осындай рухани басқосулар – оқырман мен қаламгер арасын жақындатып, ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтетін, ойлы ұрпақ қалыптастыруға жол ашатын маңызды алаң екені сөзсіз.
Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева
