2025 жылдың 11 желтоқсаны күні Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Отбасымен бірге оқимыз» атты облыстық байқаудың қорытынды кезеңі өтті.
Байқаудың алғашқы кезеңінен сүрінбей өткен 12 отбасы қорытынды додаға жолдама алып, бірнеше бағыт бойынша өз өнерлері мен білімдерін ортаға салды. Қазылар алқасы қатысушыларды «Визит карточкасы», «Менің сүйікті кейіпкерім» және Блиц-турнир бөлімдері бойынша бағалады.
«Менің сүйікті кейіпкерім» бөлімінде қатысушылар «100 кітап» ұлттық сауалнамасы аясында таңдалған қазақ әдебиетінің үздік шығармалары желісінде театрландырылған қойылымдар көрсетті. Олардың қатарында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», «Абайдың асыл сөздері», Мұқағали Мақатаевтың «Ажалға» шығармалары және Абай Құнанбайұлының 17-қара сөзі негізінде әзірленген сахналық қойылымдар қойылды.
Шара барысында қатысушылардың шығармашылық қабілеті, көркемдік талғамы, сахналық мәдениеті мен әдебиетке деген сүйіспеншілігі жан-жақты бағаланды. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған отбасылар дипломдармен, алғыс хаттармен және сыйлық сертификаттарымен марапатталды.
Ақши ауылынан келген «Ниқамбековтар» отбасы I-дәрежелі дипломмен және ақшалай серитификатпен марапатталды.
Балқаш қаласынан келген «Мағауиндер» отбасы II-дәрежелі дипломмен және ақшалай серитификатпен марапатталды.
Нұра ауданы Кертінді ауылынан келген «Малибаевтар» отбасы III-дәрежелі дипломмен және ақшалай серитификатпен марапатталды.
Байқау барысында ерекше өнер көрсетіп, белсенділігімен дараланған отбасылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Нұра ауданы, Заречное ауылынан келген Сережкиндер отбасы «Ең шығармашыл топ» номинациясымен және ақшалай серитификатпен; Шет ауданынан Арыстанбековтер отбасы «Ең белсенді топ» номинациясымен және ақшалай серитификатпен, Бұқар жырау ауданы, Шешенқара ауылынан Адамбаевтар отбасы «Өнерлі топ» номинациясымен және ақшалай серитификатпен, Шет ауданы, Нұраталды ауылынан Балбековтер отбасы «Оқуға құштар топ» номинациясымен және ақшалай серитификатпен, Бұқар жырау ауданы, Новоузенка ауылынан Сейітмағзамовтар отбасы «Білім мен бірліктің үлгісі» тобы номинациясымен және ақшалай серитификатпен марапатталды.
Бұл игілікті шара отбасы мүшелерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, оқырман мәдениетін қалыптастыруға, кітаптың рухани құндылығын арттыруға бағытталған мазмұнды мереке болды. «Отбасымен бірге оқимыз» байқауы кітаптың адам өміріндегі маңызын айшықтап, ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсетін жарқын дәстүрге айналары сөзсіз.
