2 желтоқсан күні кітапханамызда «ZERDE» әдеби клубының кезекті отырысы ұйымдастырылып, мазмұны терең, рухани ойға жетелейтін көпқырлы жиынға айналды. Бұл жолғы басқосуда клуб мүшелері көрнекті жазушы, ақын, сыншы және аудармашы Тәкен Әлімқұловтың «Сейтек сарыны» атты туындысын талқылап, шығарманың көркемдік болмысы мен тарихи маңызын жан-жақты саралады.
Отырыста қатысушылар Сейтек күйші бейнесінің терең психологизмін, автордың кейіпкердің ішкі әлемін нәзік бедерлей білетін көркемдік тәсілдерін ерекше атап өтті. Әлімқұловтың сөз өрнегі, ұлттық дүниетанымды күй арқылы жеткізудегі шеберлігі, қазақтың күй өнеріндегі рухани мұраның мәні мен маңызы туралы терең пікірлер айтылды.
Талқылау барысында әртүрлі көзқарастар тоғысып, шығарма мазмұны тарихи деректермен, ұлттық өнер құндылықтарымен сабақтастырыла талданды. Қатысушылар өзара ой бөлісіп, қызықты сұрақтар қойып, кей көріністерді салыстырмалы тұрғыдан талқылап, шығарманың әсерлі тұстарын тереңінен ашуға тырысты.
Кеш әдебиет сүйер қауымға мол әсер сыйлап, қатысушылардың рухани танымын кеңейткен мазмұнды сұхбат алаңына айналды. Осындай игі отырыстар оқырманның шығармашылық ой-өрісін дамытып, ұлттық әдеби мұраға деген құрметті арттыра түсетіні сөзсіз.
