22 қараша күні Достық үйінде белгілі жазушы, жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өмір Кәріпұлының 85 жас мерейтойына арналған «Бозторғайша шырылдап бұла таңнан, даладан қаламына қуат алған» атты шығармашылық кеш өтті.
Мерейтой барысында қаламгерге ұлттық әдебиетке сіңірген еңбегі үшін Қазақстанның Құрметті жазушысы атағы берілді. Сондай-ақ оның жаңа кітабы мемлекеттік қолдаумен жарық көріп, авторға қаламақы төленетіні жарияланды. Бұл – жазушы шығармашылығына берілген жоғары құрмет, ұлттық әдебиетке деген ерекше ілтипат.
Шара аясында кітапхана тарапынан «Әдеби әлемінің шебері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға автордың «Тайталас», «Бұрқақ», «Дала сыры», «Белес», «Бастау», «Сарыбел сазы», «Атасының баласы» т.б. кітаптары таныстырылды. Жазушының туындыларына оқырмандар ерекше қызығушылық танытты.
Сонымен қатар Өмір Кәріпұлы кітапхана қорына өзінің «Тәберік» атты жаңа кітабын сыйға тартты. Кітапта автор өткен күннің өрнегін, адамдық қасиет пен құндылықтарды, ұрпаққа қалатын өсиетін әсерлі тілмен жеткізеді. Тілі шұрайлы, мазмұны терең бұл дүние – рухани кітап іздеген оқырман үшін құнды олжа.
Сіздерді кітапханамызға келіп, жаңа кітаппен танысуға шақырамыз!
