Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері, белгілі өлкетанушы Аман Жағдаұлы Жанғожиннің 80 жас мерейтойына арналған «Мамандығым – мақтанышым» атты тағылымды шеберлік сағаты өтті.

Іс-шараны ардагер журналист Гүлнар Бұхарбаева жүргізді. Оқырман назарына «Қаламмен терген нәсібін...» атты инсталляция-кітап көрмесі ұсынылып, экран арқылы мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін бейнебаян көрсетілді.

Шараның алғашқы сөзін Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Удербайұлы Жүнісов сөйлеп, мерейтой иесін құттықтап, қаламгердің ел мәдениеті мен журналистикасына сіңірген еңбегіне жоғары баға берді.

Айта кетерлігі, Аман Жағдаұлы – 1958 жылдан бері кітапхананың тұрақты әрі Құрметті оқырманы. Ол сан жылдар бойы кітапхананың сенімді серіктесі ретінде өңірдің мәдени және рухани өміріне белсене араласып, өлкетану ісін дамытуға үлкен үлес қосып келеді.

Кездесуге мерейтой иесінің әріптестері мен үзеңгілес достары мемлекеттік қызмет ардагері, Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов,  ұстаз, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Теміртау политехникалық колледжінің көп жылдар басшысы болып қызмет атқарған Қуанышбек Иманбекұлы Оралбеков, «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, ақын Ержан Имашұлы, Сәлкен Дәрібеков, Тілеубек Камалов, Ермек Балташұлы қатысып, жүрекжарды лебіздері мен естеліктерімен бөлісті.

Кештің басты бөлігі – «Өмір мен журналистика» атты сұхбат алаңы болды. Онда ардагер журналист өз шығармашылық жолы туралы сыр шертті, мамандыққа адалдық пен ізденістің, кәсіби шеберлік пен азаматтық ұстанымның маңызын атап өтті.

Шеберлік сағатының ерекше сәттерінің бірі – жас журналистерге арналған шығармашылық тапсырмалар мен Аман Жағдаұлының қатысуымен өткен бірмезгілдік шахмат сеансы болды. Бұл сәт парасат пен ой ұшқырлығын ұштастырған тағылымды көрініске айналды.

Кездесу соңында ашық диалог ұйымдастырылып, студенттер мен жас тілшілер өз ой-пікірлерін білдіріп, кәсіби бағыттағы сұрақтарына жауап алды.
Үздік шығармашылық жұмыстар үшін төмендегідей марапаттар табысталды:

Журналистер Е. Ерболат «Кәсіби биік» номинациясымен, Ж. Тілеуқұл «Креатив көзқарас» номинациясымен және Е.А.Бөкетов атындағы ҚарҰУ-нің журналистика кафедрасының студенті Ж. Амангелді  «Журналистік шеберлік» номинациясы дипломымен және 20 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Шахмат сайысының жеңімпаздары:

  • 3 орын – Балалар мен жасөспірімдер сарайының шахмат клубының оқушысы И. Аймурзинова (диплом және 15 000 теңге ақшалай сыйлық);
  • 2 орын – Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Ж. Рафайлов (диплом және 20 000 теңге ақшалай сыйлық);
  • 1 орын – М. Амангелді (диплом және 25 000 теңге ақшалай сыйлық).

Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға жылы лебіздер айтылып, арнайы сыйлықтар табысталды.

Бұл тағылымды басқосу қалам мен парасаттың, шығармашылық пен логиканың тоғысқан рухани мерекесіне айналды. Кеш соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ардагер журналистке ыстық ықыластарын білдірді.


Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.Телпекбаева