2025 жылғы 16 қазанда Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Республика күні аясында көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтың 90 жылдығына арналған «Жыр сұңқары Жұмекен» атты әдеби-лирикалық сағат өтті.
Іс-шараға «Болашақ» Академиясының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Райхан Налжігітқызы Исмаилова, Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі мен Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері, ҚР Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің сарбаздары, сондай-ақ «Қарақат» мектеп-студиясының домбырашылары қатысты.
Кеш барысында Жұмекен Нәжімеденовтің ұлттық әдебиетке қосқан үлесі, азаматтық және философиялық лирикасының мазмұны, поэзиясындағы рух пен сыршылдық жайында кеңінен сөз қозғалып, шығармашылығына терең талдау жасалды.
Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттері ақынның «Қоңыр дәптер», «Бұлақ», «Көз жасы», «Уақыт-қонақ», «Сыр» өлеңдерін оқыса, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері Акеева Аяжан мен Жиенбаев Алтын Мұратхан Егінбаевтың «Сен мені еске алдыңба?» әнін орындады. «ҚАРАҚАТ» мектеп-студиясының домбырашылары Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым күйі» және Асылбек Еңсеповтің «Әке толғауы» күйін нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Оқырмандар арасында ақынның шығармашылығына арналған әдеби-танымдық викторина ұйымдастырылып, қызықты сұрақтар ойнатылды. Ойынға қатысушылар аса қызу құлшыныспен қатысты.
Сонымен қатар, «Ақындық өнер тағындағы тұлға» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қамту саны:95.