Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған жаңа кітаптардың таныстырылымы өтті.
Әдеби кешті ф.ғ.д., профессор, «Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу институтының» директоры Жансая Жарылғапов жүргізді. Кешке аймақтың зиялы қауымы, ғалымдар, ақын-жазушылар, студент жастар мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Таныстырылымда «Абайдың аударма мектебі», «Даниял Ысқақов шығармалары», «Шейіт» атты құнды еңбектердің мазмұны мен маңызы кеңінен сөз болды. Бұған дейін Алматы мен Семей қалаларында оқырманға жол тартқан бұл еңбектер Сарыарқаның төрінде жалғасын тапты.
Шараның шымылдығын Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы ашып, әдебиет пен руханият жайлы ойымен бөлісті.
Кітаптардың мәнін автордың өзі – абайтанушы-ғалым, ф.ғ.к., «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері, «Алматы» телерадиокомпаниясы бас директорының бірінші орынбасары Атығай Базарбек Қайырбекұлы жан-жақты таныстырды. Сондай-ақ ақын, «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек шығармашылық ой-пікірлерін ортаға салып, аталған еңбектердің жарыққа шығу барысы туралы әңгімеледі.
Кеш барысында «Абай әлемі: Халыққа, Уақытқа, Мәңгілікке» атты кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды. Жастар қауымы қаламгерлерге сұрақтар қойып, еркін пікір алмасу алаңы қалыптасты. Әдеби кешті мазмұнды ете түскен оқырмандардың әсерлі пікірлері мен сұрақ-жауап сәттері болды.
Соңында авторлар оқырмандарға қолтаңба беріп, естелік суретке түсті.
Әдеби басқосу қонақтарға терең ой, шынайы сырға толы әсер сыйлап, Базарбек Атығайдың шығармашылығы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, рухани мұраға деген сүйіспеншіліктің маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Кітапхана ұйымдастырған бұл игі шара Сарыарқа төріндегі оқырманға зор рухани серпін сыйлап, қазақ әдебиетінің асыл қазынасын дәріптеуде елеулі оқиға болды.
Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева