Оқырман жаңа кітаппен танысты

 

Кітапханада Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын  Серік Ақсұңқарұлының Таңдамалы шығармалар жинағының  таныстырылымы өтті.

Рухани кештің беташар сөзін Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының орынбасары Ноян Удербайұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі.

Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі демекші, оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың лентасын «Saryarqa Aqparat» ЖШС директоры Қайрат Жүнісұлы Әбділда мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жақсыкелді Кемаловтар қиып, жылы лебіздерін білдірді. 

Қарқаралы өңірінен келген әуесқой композитор, бірнеше әндердің авторы Ә. Ө. Макенов ақынның «Шайтанкөл аққулар мекені» әні мен Қасым Аманжоловтың «Туған жер» әнін әуелете шырқады.

 Мұнан кейін кеш пікірлесу алаңымен ұштасып,     ақын  жүрегін жарып шыққан құнарлы жырлары қалай жазылды, жазуға не түрткі болды, авторлық әдеби шешімі қандай, жалпы ойыңыздағының бәрін жасай алдыңыз ба, жеткізіп жаза алдыңыз ба? деген сұрақтар төңірегінде оқырман қауым көңілдерінде жүрген көкейкесті сұрақтарына жауаптарын алды. 

Кеш барысында ақын отты өлеңдерін тебірене оқыды. Сонымен қатар, Қарағанды жоғары гуманитарлық  колледжі студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқыды. 

   «Кешті жүргізген Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, ақын Бағдат Мүбәрәк ақынның Таңдамалы шығармалар жинағы оқырманды терең ойға жетелей отырып, ұлттық әдебиет пен мәдениеттің байырғы дәстүрлері мен жаңа заман үнінің үйлесімді сабақтастығын көрсететін аса құнды еңбек екенін айта келіп, келген қонақтарға алғысын білдірді.

Сонымен бірге шара аясында С. Ақсұңқарұлының өмірі мен шығармашылығына арналған  «Серік Ақсұңқарұлының жыр әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ақын кеш қатысушыларына қолтаңба қойып, кітабын сыйға тартып, естелік фотоға түсті.

Қамту саны: 95