Page 75 - Қарағанды облысының 2024 жылғы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы
P. 75
1824 - Қарқаралы қаласының іргесі
қаланғанына 200 жыл
Қарқаралы – Қарағанды облысының ең байырғы, əрі мəңгі жас қаласы. Кезінде
Қарқаралы арқылы Орта Азиядан Сібірге бағытталған керуен жолдары өткен. Қарқаралы
қаласы, теңіз деңгейінен 815 метр биіктіктегі Қарқаралы тауының баурайында орналасқан.
Қала халқының саны – 10300 адам.
1822 жылы «Сібір қазақтары туралы ереже» қабылданып, қазақ жерлері округтерге
бөлінді. «Ереже» бойынша Орта жүз жəне Ұлы жүздің біраз «Сібір қазақтарының облысы»
деп аталып, жаңадан құрылған Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының құрамына кірді (1).
1822 жылы Ереже жариялана сала Сібір өкіметінің органдары округтерді ашу ісіне
кірісті. Ереже бойынша барлығы 8 сыртқы округ ашу белгіленген еді. 1824 жылы Қарқаралы
жəне Құсмұрын округтері ашылды.
Қазақ даласының түпкір-түкпірінде округтік приказдардың ұйымдастырылуымен
байланысты Қазақстанда жаңа қалалар - Қарқаралы (1824), Көкшетау (1824), Аякөз
(Сергиополь, 1831), Ақмола (1832) жəне т. б. пайда болды (2).
1824 жылы 8 сəуірде Қарқаралы округі мен приказының салтанатты ашылу рəсімі
болды. Қаланың ашылуы туралы жарлық сол жылы 24-шілдеде бекітіліп, сотник Д.
Қарбышев бастаған, құрамында 250 шептік қазақтары бар отряд қаланың алғашқы тастарын
қалауға аттанды (3).
Қарқаралы қаласының салынуы туралы Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» (1992)
еңбегінде былай деп жазады: «Қарқаралы бекінісінің салынуы Бөкей хан немересі Тұрсын
Шыңғыс ұлы мен Жамантай хан атымен мағлұм... олар Омскіден шыққан орыс қазақ
әскерін губернатордан өтініп, Қарқаралыға бастап әкеліп, олардың ішінде қала салу үшін
шыққан жүзге тарта үйлі казак-орыстар мен тілмаштар 1824 ж. көктемінен бастап
құрылысқа кірісті. Аз уақыт ішінде 100-ге тарта үй салынып, әскерге баспана, айнала
топырақ қорғанмен қамалды бекітіп, бір рота жаяу, бір бөлек атты әскер, бір батарея
зеңбірекшілер орналастырылды» (4).
Қарқаралы бекінісі XIX ғ. 1824 ж. округтік қаладан 1868 ж. уездік қалаға дейін даму
жолынан өтті. Алғашқы кезде қалада 100-ге тарта үй болса, 1835 ж. 155-ке жетті (5).
Қарқаралы округі ашылған сəтте 14 болыс енгізіліп, олардың құрамында 20000 шаңырақ
немесе 60000 ер азамат болды (7).
1866 ж. Қарқаралы қаласында 155 үй болды. Оның 36-сы көпестік лавка ашты (12).
Сонымен бірге 1847 ж. ашылған Ботов-Қоянды жəрменкесі осы өңірдің əлеуметтік-
экономикалық дамуына үлкен ықпалын тигізді.
Қарқаралы тау сілемдерінің етегі ежелден көшпелі елге қоныс болған. Ол туралы өткен
заманнан жеткен аңыз бен ертегілерде айтылған, Қарқаралы туралы көптеген өлеңдер мен
аңыздар жазылған. Осы өлкеге алғаш саяхат жасаушылар 1785 жылдардан бастап аяқ
басқаны тарихи деректерден бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Қарқаралының ақ қайың мен жасыл терек зерлеген шұрайлы өлкесі ерте кезден-ақ
оқымысты-ғалымдардың, саяхатшы-зерттеушілердің көңіліне ұялап, көзін қызықтырған.
Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уəлиханов, Қарқаралы округінде екі рет – 1855
жəне 1863 жылдары болды. Қызмет бабындағы сапарын ол халықтың ауызекі аңыз-
əңгімелерімен, əн-жырларымен танысуға арнады. Ш. Уəлиханов мал шаруашылығы жөнінде
бірсыпыра қызықты материалдар жинады. Оның «Қарқаралының сыртқы округтері
болыстарының қысқы көші-қоны» деген еңбегі осы тақырыпқа арналады. Атақты саяхатшы
П.П. Семенов-Тяньшанский редакторлығымен 1865 жылы басылып шыққан «Ресей
империясының Географиялық-статистикалық анықтамалық сөздігі» Қарқаралының атағын
асқақтата түсті. Қалың оқырман қауым алғаш рет Қарқаралының сұлулығы туралы, əлі де
зерттелмеген үңгірлер мен қорғандардың құпияларына ынтыға түсті. Қарқаралы тарихы ұлы
Абайдың есімімен тығыз байланысты. Əкесі Құнанбай қажы Қарқаралыда көктөбелі
күмбезді мешіт салдырып өз атын ұрпақтарына мəңгілік ескерткіш қылып қалдырып кеткен
кемеңгер еді.
Ең алғаш «Қозы-Көрпеш, Баян-сұлу» қиссасын орыстың жазушысы М.М. Пришвин
осы төңіректе естіген.