Page 54 - 2023_kzd
P. 54
Қарағанды облысымен бірге жасасып, тұрғындардың көзайымына айналған қазіргі
«SARYARQA», бұрынғы «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы 1958 жылдың 31 тамызынан
кеншілердің кәсіби мерекесі құрметіне «Сәлеметсіздер ме, эфирде Қарағанды телевизия
студиясы!» деп, тұңғыш хабар таратқан күнінен басталады.
«SARYARQA» телеарнасы Бұқар жырау даңғылының бойындағы шағын ғана екі қабатты
ғимаратта орын тепкен. (Интернационалист жауынгерлер көшесі №14) Кезінде бүкіл
Қазақстан бойынша телевизия үшін арнайы салынған небары үш ғимараттың біреуі Қарағанды
жеріне салынған ғимарат. Арнайы стандартқа сәйкестендірілген 300 шаршы метрлік студияда
осы жылдар аралығында небір бағдарламалар жазылып, талай қонақтарды қарсы алды. Кенді
өлкенің тыныс-тіршілігі туралы хабар таратты. Қазіргі таңда «Katelco» спутниктік жүйесі
арқылы облыс аумағының 98%-ын қамтитын телеарна шалғайдағы елді мекендерді де
облыстың басты жаңалықтарымен дер кезінде қамтамасыз етіп отыр.
Тарихқа тоқталсақ:
Алғашқыда телевизиялық жабдықтардың сенімділігін тексеру мақсатында қыркүйектің
соңына дейін аптасына төрт рет хабарлар беріле бастады. Олар негізінен көркем, ғылыми-
көпшілік, хроникалық деректі фильмдер болды. Студияның өзі дайындаған алғашқы хабары
қазан айынның 11 күні эфирге шықты. Ол Азия мен Африка елдері жазушыларының съезінен
қазақ тілінде берілген алғашқы студиялық материалдар болды. Бұл хабардың авторы студияның
редакторы А.Сатаев, режиссері У.Тойбаев телехабар бағдарламасын ашқан тұңғыш дикторы
М.Ахметова.
Орталық телевизияның бірінші бағдарламасы Қарағандыда 1968 жылы, республикалық
телевизия хабарлары 1978 жылы көрсетіле бастады.
Қазақстанда телевизияның өмірге келгені 1958 жыл. Алғашқы телестудиялар республика
бойынша үш қалада – Алматыда, Қарағандыда және Өскеменде жұмыс істеді. Қарағанды
облысындағы телестудия қуатты деп саналды. Қарағандылықтардан соң Жезқазғанда,
Приозерск мен Балқашта телеорталықтар салына бастады. Телевизия хабарларын тарату үшін
Қарқаралы, Талды, Егіндібұлақ аудандарына радиорелелі желі тартылды. Келесі бір тармақ
Осакаров және Нұра аудандарын қамтыды.
Қарағанды қаласының құрметті азаматы Қ.Ә.Аманбаев Қарағанды телевизиясының
бастауларында тұрды. 1958 жылы жаста болса тәжірбиелі партия қызметкеріне жаңадан
құрылған облыстық телевизия студиясын басқару ұсынылды.
Қарағанды телевизиясының негізін қалаушы дикторлар қатарында Майра Ахметова,
Галина Рахимова, Светлана Тарасова, Анна Ларина, Владимир Жоров, Ескендір
Тишмағамбетов болса, өз күштерін сарапқа салуға бел буған алғашқы журналистер легінің
өкілдері – А.Сатаев, В.Ярошилова, А.Ким, Л.Маркман, А.Әлғожин, С.Мұстафина, Қ.Әкімбеков,
В.Татенко т.б. Әуелде көгілдір экран режиссерлерінің құрамы театр қызметкерлері есебінен
қалыптастырылған. Олардың қатарында Ө.Тоғайбаев, А.Салихов, Х.Ералин, Х.Ысқақова,
А.Гарин, А.Штейнберхт, К.Багрова бар.
1960 жылы Қарағандыда «Батырдың тууы» деген алғашқы телефильм түсірілді.
1961 жылы жылжымалы телевизиялық станцияның тұңғыш хабары берілді.
1969 жылы телевизиялық фильмдердің ленинградта өткен ІІІ Бүкілодақтық фестивалінде
«Ленинград-Қарағанды» атты картина фестиваль өткізген қаланың бас бәйгесіне ие болды.
1972 жылы Орталық телевизияның «Алло, біз таланттар іздейміз» музыкалық
бағдарламасында қарағандылықтар жеңіске жетті.
1977 жылы Горький қаласында өткен Бүкілодақтық фестивальде «Сен адамдарға қол
ұшын бер» деген телеочерк бірінші орын алды.
1986 жылы қарағандылықтар Қарқаралының «Салтанат» ансамблі туралы «Аңыздар
әлеміне саяхат» видеофильмімен Орталық телевизияға, Бүкілодақтық экранға шықты.
1990 жылы жапон ғарышкері қонған жерден Қарағанды студиясының жылдымалы
телестанциясының көмегімен Жапонияға тікелей трансляция жасалды.
1996 жыл Жердің жасанды серігі арқылы байланыспен Алматы және Ресейден
телебағдарламалар қабылдана бастады.
54