Page 101 - kzd
P. 101
Сәкен Сейфуллин атындағы «Халықтар достығы» орденді Қарағанды мемлекеттік
облыстық қазақ драма театрының шежіресі 1932 жылы құрылған жұмысшы жастар театрынан
басталады.
1932 жылы қазан айында Атығай Шанин мен Қанабек Байсейітовтің «Зәуре» пьесасымен
шымылдығын айқара ашып, кеншілер мен қызметкерлерді, қала халқын зор қуанышқа бөледі.
Негізінен театр арнайы ашылғанға дейін Қарағанды қалалық партия және комсомол
ұйымдарының ынтасымен ұйымдастырылған бұл ұйым (1932 жылы сәуір) алғашында
көркемөнерпаздар үйірмесі деп аталды. Кеншілер қаласында ашылған өнер ордасы сәл-пәл
кейін жұмысшы-жастар театры (ТРАМ) атанды.
Бұл театрда алғашқы іргетасын қалаушы, өзіндік жастық жігірімен, ұйымдастырушылық
қабілетімен көзге түсіп, кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атанған Зейнел
Көшкімбаев, театрдың ең алғашқы директоры, әрі режиссері Жәужанов, Н.Жабаев, талантты
актер М.Шалов, Қазақстанның халық әртістері М.Сүртібаев, Р.Қойшыбаева, Ж.Шашкина,
С.Жүнісов, Ү.Әбеуова, Т.Ілиясов, М.Баязитова, Р.Жұматаев, Ө.Мананбаев, А.Мұсабекова,
К.Байбеков, Атақанов, Е.Мұқсынов, Қ.Түлкібаев сынды дарынды тамаша актерлер жұмыс
істеген.
1934 жылы жұмысшы-жастар театрына бір топ талантты жастар келіп қосылды. Білікті де
білгір маман-режиссер Р.Ильматов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Ә.Шәймерденов,
Т.Жабаев, М.Бектенов, Р.Бектенова сынды халық мектебінен сусындап, нәр алған тамаша
актерлер театр шоқтығын биіктете түсті.
Жас коллектив кәсіпқой өнер табалдырығын Н.В.Гогольдің «Үйлену» комедиясымен
аттады. Бұдан кейінгі Б.Майлиннің «Майдан», «Талтанбайдың тәртібі», «Шұға», «Тартыс»,
С.Сейфуллиннің «Қызыл сұнқарлар», Шаниннің «Шахтада», И.Жансүгіровтың «Кек»,
А.Шаниннің «Арқалық батыр» атты пьесалары – кәсіпқой театр репертуарының алғашқы тізімі.
1936 жылы Қарағанды қазақ жұмысшы жастарының қалалық театры Қарағандының жеке
облыс болуына орай, облыстық музыкалық драма театры болып қайта құрылды. Театрдың
шығармашылық құрамы Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері М.Әбдікәрімов,
Ж.Шаймерденова, Т.Жабаев, М.Бектенов, Н.Атаханова, әртістер Р.Жұматаев, Н.Қамалов, және
режиссер Гатауллин сияқты жас талаптармен толықтырылады. Осы жылы Москвада өткізілген
Қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігіне республикалық музыкалық драма театрының
құрамында Қарағанды театрының жетекші әртістері де өз өнерлерін көрсетті. Бұл жылдарда
М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Шекарада», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз
Жібек», «Аманкелді», Ә.Әбішевтің «Отан үшін» т.б. пьесалардың сахнадан қойылуы,
шығармашылық ұжымының марқайып, көркемдік шеберліктің біраз сатыға көтерілгендігін
байқатады. Қарағанды театрының өсу жолындағы елеулі бір кезең - қырқыншы жылдар. Ұлы
Отан соғысы жылдары театр творчестволық ерлік еңбектің үлгісін көрсетті. Театр репертуары
халықтар достығын, бірлігін, бостандығын жырлайтын идеялық мәні зор спектакльдермен
байытылды. М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды», «Сын сағатта» және Ә.Әбішевпен бірге
жазған «Намыс ұлы», Л.Леоновтың «Шапқыншылық», К.Симоновтың «Орыс мәселесі», «Орыс
адамдары», А.Островскийдің «Жазықсыз айптылар», Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат»
сияқты пьесаларының қойылуы сонау ауыр жылдары театр коллективі тарапынан Отан
игілігіне бағыштаған үлкен үлес еді.
70 жылдары театр репертуары идеялық және көркемдік мазмұны жағынан құнды
М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», А.Островскийдің «Найзағай», М.Кәрімнің «Ай тұтылған күн»,
Қ.Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында», К.Бекхожиннің «Ұлан асу», С.Жүнісовтың
«Тырау-тырау тырналар», Б.Тілегеновтің «Аяқталмаған ән», Е.Уахатовтың «Алтын көрсе
періште...», С.Шаймерденовтің «Қайдасын Зурина», Ә.Әбішевтің «Белгісіз батыр» сияқты түрлі
жанрдағы пьесалармен байытылды.
1982 жылы С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрына 50 жыл толды. Осы мүшел
тойына байланысты СССР Жоғары Советінінң Президиумы театрды «Халықтар достығы»
орденімен марапатталды.
101