Page 9 - 2021_sofy_smataev
P. 9
Көрнекті жазушы Софы Сматаев келбетіне кескіндеме
Қалың оқырман қауым, жалпы жұртшылық Софы Қалыбекұлын қазақтың
көрнекті жазушысы, белгілі қоғам қайраткері ретінде құрмет тұтады.
Шығармаларын сүйіп оқиды. Кез келген қайраткер қаламгер үшін бұдан артық
бақыт жоқ. Классигіміздің қаламынан туған дүниелер – қазақ халқы
тарихының бір-бір тарауы іспетті. Ол туындылар – жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Софы аға шығармашылық талантымен де, қоғамдық белсенділігімен де қазақ
мәдениеті мен әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бұл – ақиқат.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті
Софы Сматаев – шығармашылық биігіне қырандай қалықтап шыққан
арынды азамат. Қазақ әдебиетінің көгіне құбылыс болып көтерілген қарымы
күшті қаламгер. Болат балқытып, шойын құйып жүрген шағында-ақ әдебиет
майданына «Елім-ай» сынды тақырыбы өзгеше, толғауы бөлек дилогиямен
ақбоз ат ойнатып келген. Осы бір туындымен-ақ ол туған әдебиетіміздің
төрінен ойып орын алып, бірден классиктер шоғырының қатарына қосылды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед
Софы – Софыян аға – жазушылықтың бейнетті жолына белді бекем буып,
ұлттық әдебиет әлемінің алтын табалдырығынан аттағаннан бергі
бағындырған белес, алған асуын байыппен бағамдайтын кезеңге айқын
қолтаңбасымен, асқақ қалпымен табан тіреген қалмагер.
Иманғали Тасмағамбетов
Елдік әлі қиял, азаттық алыс арман болып жүрген кезімізде де ел
тағдырына, ұлт тарихына ерекше елгезектік танытқан Софы жұртымызды
рухани марқайтып, әлеуметтік есейтетін жұлынды тақырыпта айрықша
табандылықпен еңбек етті.
Әбіш Кекілбаев
Софы Сматаев – жемісті жазушы. Ол әдебиеттің барлық жанрында
қалам тербеп келеді. Бір жанрдан екінші жанрға ауысу да оңай шаруа емес.
Оның үстіне сенің мамандығын металлург болса, Софыға жанр атаулының
жаттығы жоқ. Бұл күнде ол қазақ әдебиетіндегі барлық жанрда жемісті
еңбек етіп келе жатқан қарымды қаламгер ретінде белгілі. Ол – романист,
новеллист, либреттист, драматург, ақын, эссеист, журналист.
Дулат Исабеков
Қорытынды
Халық тағдыры – оңай ашылар сыр сандық емес. Оны сарыла іздеп, терең
зерттеп, әріден бүгінгісіне дейін көңіл көзімен шолып өту керек. Сонда ғана
бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның кешегісін де, көне кезеңін де сезіне аласың.
Софы Сматаев