2025 жылғы 8 тамыз күні Қарағанды қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағында Абай Құнанбайұлының мұрасын кеңінен насихаттау арқылы жастардың қазақ мәдениеті мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру мақсатында  ақын, ойшыл, кемеңгер А. Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ұлылардың ұлысы - Абай» атты иммерсивті поэзия кеші өтті.

Іс-шараға ақындар, жастар, студенттер, Қарағанды қаласының әскери бөлімінің сарбаздары, мектеп оқушылары, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» атты облыстық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы  Таңсәуле Әгенқызы, Теміртау қаласындағы «Ақ қауырсын» әдеби клубының мүшелері, БАҚ өкілдері мен қала қонақтары қатысты. Қонақтар ашық аспан астында, әуелеген әсем ән мен сырлы поэзияға қанықты.

Кеш барысында       «Абайдың ән әлемі»,     «Қара сөз кеңістігі», «Абай оқулары» Еркін микрофон алаңы, Абай шығармашылығына арналған «Тапқыр болсаң, тауып көр» танымдық викториналық ойыны қатысушылардың қызығушылығын арттырды.  «Жарқ етпес қара көңілім не қылсада»,  «Көзімнің қарасы, «Әсемпаз болма әрнеге» сынды әндері орындалып, қара сөздері мен өлеңдері жатқа оқылды.     Қала тұрғындары мен қонақтар Абайдың шығармашылығымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Абай күніне арналған «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай» атты кітап көрмесі мен сахналанған Абай бұрышы көрермендер назарына ұсынылды. Шараға үлес қосқан белсенді қатысушылар алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби кеш ақын мұрасын дәріптеп қана қоймай, оның шығармаларындағы терең ойлардың бүгінгі жастар үшін маңызын айқындай түсті. Іс-шара аясында ақынның ұлттық мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесі ұлықталып, жастарды Абай Құнанбайұлы шығармашылығын тереңірек зерттеуге және оның өнегелі жолын үлгі етуге шақырды.