2025 жылғы 25 маусым күні Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап кітапхана жанынан ашылған «Әділ қоғам» кеңсесінде алғашқы мәдени-ағартушылық шара өтті.
«Адалдықтың темірқазығы – Қаздауысты Қазыбек би» атты зияткерлік-танымдық кездесуге Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультеті, археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессор ассистенті, PhD докторы Нұртас Бірлікұлы Смағұлов спикер ретінде қатысты.
Кездесу «Әділ қоғам» жобасының негізгі құндылықтарын – адалдық, әділеттілік, адамгершілік және азаматтық жауапкершілік қағидаттарын дәріптеуге бағытталған ауқымды іс-шаралардың бір парасы ретінде ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Қаздауысты Қазыбек бидің тарихи тұлғасы, шешендік өнері мен әділ билігі жайлы мазмұнды баяндама тыңдалып, қатысушылар арасында сұрақ-жауап пен пікір алмасу болды.
Спикер қазақ қоғамындағы әділдік ұғымының қалыптасуына Қазыбек бидің қосқан үлесін жан-жақты талдап берді. Оқырман қауымның назарына «Қазыбек би мұрасы – әділ қоғамның іргесі» атты кітап көрмесі ұсынылды.