Достар!

2026 жыл – Қарағанды өңірі үшін тарихи оқиғалар мен мерейтойларға толы ерекше жыл. Осыған орай Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өлкетану әдебиеттері бөлімінің дәстүрлі түрде дайындайтын «2026 жылға арналған библиографиялық көрсеткішті» оқырманға ұсынып отыр.

Бұл басылым – туған өлкенің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін зерделеуге, белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметін насихаттауға арналған құнды рухани-танымдық құрал.

Көрсеткіште өңір өмірінде және республика көлемінде аталып өтетін маңызды даталар қамтылған.

Олардың қатарында:
•    ұлт көсемі, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығы,
•    заңгер, қоғам қайраткері Жақып Ақбаевтың 150 жылдығы,
•    тұңғыш қазақ математигі, профессор Әлімхан Ермековтың 135 жылдығы,
•    Қазақстанның халық артисі, әнші-композитор Манарбек Ержановтың мерейтойы,
•    өлкетанушы, тарихқа өлшеусіз үлес қосқан Леонид Семеновтың 125 жылдығы,
•    Қарағанды облысының 90 жылдық мерейтойы және тағы басқа тарихи оқиғалар бар.

Сондай-ақ биыл қазақ ғарышының тұңғыш қыраны Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығы және оның ғарышқа ұшқанына 35 жыл толуына орай материалдар енгізілді.

Көрсеткіште жыл күнтізбесі хронологиялық ретпен жүйеленіп, әр датаға қысқаша анықтама беріліп, тақырыпқа қатысты соңғы жылдары жарық көрген әдебиеттер ұсынылған. Басылым қазақ және орыс тілдерінде құрастырылып, қосымша дереккөздер мен онлайн-ресурстарға сілтемелер қамтылған.

Бұл библиографиялық көрсеткіш - оқырмандарға пайдалы бағыт-бағдар беріп, ізденіс көкжиегін кеңейтеді. Ендеше, бірге оқып, көрсеткішті тиімді пайдаланып, жаңа білім көкжиегін ашайық!