Page 4 - 100_Kemel_kz
P. 4
Өмірбаяны
Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгер 1923
жылы 2 қазанда қазіргі Алматы облысы, Қаратал ауданында дүниеге келген.
Шымкент қаласында орта мектепті тәмамдағаннан кейін Қызыл армия
қатарына алынып, Бішкек қаласындағы әскери училищені аяқтаған соң
Сталинград майданының 226 – атқыштар дивизиясында бөлім командирі бола
жүріп соғысқа қатысқан. Оқ пен оттың ортасында жүріп, 3 айдан кейін жарақат
алып, әскери госпитальға түседі. Күрескер Кемел қояр да қоймай сұранып
майдан шебіне қайта оралады. Бұл жолы Бірінші Украина және Екінші
Белорусь майданының құрамына кірген 7-гвардиялық танк полкінде елді
жаудан азат етеді. Соғыстың соңына дейін Отан алдындағы борышын адал
өткерген Кемел Тоқаев, елге оралған соң Қазақ Ұлттық университетіне оқуға
түсіп, оны тамамдаған соң 1949-1953 жылдары «Лениншіл Жас» (қазіргі Жас
Алаш») газетінде еңбек етті. 1953-1956 жылдары «Қазақстан Пионері» әуелі
жауапты хатшы, содан кейін бас редактор болып қызмет атқарды. 1956-1960
жылдарда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Егемен Қазақстан») газетінде
жұмыс жасады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Жаршысына» жауапты редактор
болып абыройлы қызмет атқарды. 1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар
одағында әдеби кеңесші болды.
Тұңғыш әңгімелер жинағы 1954 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет
баспасынан «Жұлдызды жорық» деген атаумен жарық көрді. Оннан астам
кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылды. Детектив жанрын қолға алып,
«Қазақ детективінің атасы» ретінде танылды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес,
бүкіл Орта Азия әдебиетінде детектив жанрының негізін салушы. Парасат
биігінен көрінген қаламгердің әрбір шығармасы қазақ әдебиетіндегі
қайталанбас туынды.
Қаламгердің шығармашылығы
Қаламгердің қуатты қаламынан «Жұлдызды жорық» «Қыс
қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда
болған оқиға», «Солдат соғысқа кетті», «Тасқын» деген секілді шоқтығы
биік бірнеше повесть, роман туған. Оның кітаптары дүкен сөрелерінде шаң
басып тұрған емес. Оқырман іздеп жүріп оқитын. Шығармаларына тұл
жетімдіктің қасіретін тартқан кездері арқау болды. «Солдат соғысқа кетті»
деген романын өмірінің айнасы деуге болады. Өмірбаяндық емес, көркем
шығарманың деңгейінде жазылған. Сондықтан ол жерде бас кейіпкер Кемел
Тоқаевтың бала кезінде кешкен қиындықтары жазылған еді.
Кемел Тоқаев шығармаларының ерекшелігі деректілігінде. Өзі қатысып
куә болған соғыс кезіндегі партизандар ерлігі, чекисттер мен ішкі істер
қызметкерлерінің қауіпті де қызықты тағдырлары, қылмысты істі ашудағы
милиционерлердің алғырлығы мен ұтқырлығы - жазушы көтерген негізгі
тақырыптар.