Page 4 - Бикен Римова
P. 4
Өмірі мен шығармашылығы
Қазақ актрисаларының ішіндегі шоқтығы биік
тұлғалардың бірі де, бірегейі – Бикен Ырымқызы Римованың
туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Бикен Ырымқызы 1923
жылы 1 қаңтарда қазіргі Алматы облысы, Қаратал ауданы,
Қанабек ауылында дүниеге келген. Ол әкесі мен анасынан
жастай айырылып, тағдыр тауқыметін көп тартқан жан.
Қаршадайынан өнерге ынтық болған ол арман қуып Алматыға аттанады.
Алғашында Алматы есеп - кредит техникумының «Экономика
факультетіне» оқуға түсіп, білім ала жүріп, «Абай» қойылымында көпшілік
сахнада өнер көрсетеді. Бұл талантты тұлғаның театр әлеміндегі алғашқы
қадамы болатын. Киелі сахнаның қыр - сырына қанығып, көзі ашық сан
мыңдаған көрерменнің көңілінен шығарлықтай образды нанымды етіп
бейнелей білу – актрисаның ерен еңбегінің, тынымсыз ізденісінің жемісі
екені сөзсіз. 1943 жылы Алматы театр - көркемсурет училищесін бітіреді. Сол
жылдардан бастап өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ
академиялық драма театрында жұмыс істеді. Осы театр сахнасында 60 жылға
жуық өмірін өнерге арнаған талантты актриса театр сахнасында қазақ және
шетелдік драматургтердің пьесалары бойынша 170-тен астам рөлдерді
сомдады. Сонымен қатар, ол әдебиет әлемінде де өзіндік қолтаңбасын
қалдырды. «Еңлік гүлім», «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты қос кітаптың
авторы. Әйгілі қазақ актерлерінің шығармашылығы жайында қалам тербеген
мақалалары баспасөз беттерінде жарияланған.
Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, педагог, профессор Асқар Тоқпанов
үшінші курс студенті Бикенге «Еңлік - Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлін
ұсынады. Онда ол кейіпкердің бүкіл драмалық өмірін көрсете білді. Жиырма
жыл бойы Еңлік бейнесі Бикен Римованың орындауымен сахна төрінде
жұлдыздай жарқырап жүрді. Осы сахнада ол әр алуан әйелдер бейнесін
жасады. Б.Римова – «Абай - Әйгерім», «Қос мұңлық» сынды пьесаларды
дүниеге әкелген драматург, ұлттық сахна өнерінің кемелденуіне сүбелі үлес
қосқан тұлға. Тұңғыш ойнаған рөлі – Ғ.Мүсіреповтің “Ақан Сері - Ақтоқты”
трагедиясындағы Мәрзияның рөлін сәтті алып шықты. И.Оразбаевтың
«Естайдың Қорланы», М.Әуезовтің «Қаракөз», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы
Көрпеш-Баян сұлу», Т .Ахтановтың «Күтпеген кездесу», Ә.Тәжібаевтың
«Майра», М.Фриштің «Дон Жуан немесе геометрияға деген сүйіспеншілік»,
Мольердің «Сараң», Н.Гогольдің «Ревизор», Ә.Әбішевтың «Достық пен
махаббат» және «Күншілдік», Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес»,
М.Иманжановтың «Менің махаббатым», Ш.Хұсайыновтың «Сырымбет
саласында» және «Алдар Көсе» С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал»,
Ш.Айтматовтың «Аңсаған менің әнімсін» мен «Ана – Жер - Ана» т.б.
рөлдерді орындауымен қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі
үлес қосқан тұлға.
4