Page 38 - Қарағанды облысының 2024 жылғы өлкетану әдебиеттерін насихаттауға арналған көмек құралы
P. 38
қатарына көтеруде Сəтбаевтың еңбегі өте зор болды. Бұрынғы геологиялық деректерге терең
талдау жасап, бұл кен ауданының кең көлемдегі геологиялық-барлау жұмыстарын
ұйымдастыруға болатын ірі нысан екенін дəлелдеген. Минералдық шикізаттарға бай
Сарыарқа, Кенді Алтай жəне басқа да аймақтарды ерекше назар аударып зерттеген. 1927-
1928 жылдары – Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір
алабы жəне Қаратау полиметалл кендері жөнінде ғылыми маңызды еңбектер жариялаған.
1929 жылы Атасу темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара
металлургия өнеркəсібін дамыту туралы мəселе көтерген. Жезқазған – Ұлытау ауданында
мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендерін ашып, барлау нəтижесінде маңызды
геологиялық қорытындылар жасаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында танк бронын құюға
қажет марганец тапшылығы туған кезде Сəтбаевтың жетекшілік етуімен өте қысқа мерзімде
Жезді марганец кені барланып, іске қосылған.
Академиктің қолдауымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып,
Қазақ КСР Геология жəне жер қойнауын қорғау министрлігі құрылған. Қазақстан Ғылым
академиясын ұйымдастырып, ондағы бөлімдерді, оған қарайтын институттарды,
зертханаларды, секторларды, базаларды дұрыс жоспарлаған. Ғылыми кадрлар дайындау ісіне
үлкен жауапкершілікпен қараған. Ғылыми зерттеулердің өзекті мəселелерін халық
шаруашылығының мүддесіне бағыттап, шаруашылық жəне мəдени құрылыстың басты
мəселелерін шешуге белсене қатысқан. Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды
мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар,
Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын
ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат қорларын – Кенді Алтайды,
Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған – Ұлытау өңірлеріндегі темір, марганец, т.б.
көптеген кен орындарын игеру Сəтбаев есімімен тығыз байланысты.
Сəтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мəдениет саласында, тарихта қалдырған
еңбектері мол. Ш. Уəлиханов жазып алған «Едіге» жырының мəтініндегі қазақ
оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа
орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген
этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты
еңбегін жазған. Қазақ орта мектебінің төменгі жəне жоғары сынып оқушыларына арналған
«Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А. Затаевичтің «500 қазақ əндері мен
күйлері» жинағына Сəтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып
есептелетін 25 əнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.
Қазақстанның қала, ауылдарында Сəтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан
астам мектеп жəне көптеген ғалымның ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым
академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі
техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген. Сəтбаевтың
құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий
кен орнынан табылған минералға ат қойылды (Сəтбаевит) жəне «Академик Сəтбаев»
гладиолиус гүлі аталған. 1979 жылғы маусым айында Қырым астрономы Н.С. Черных №2402
кіші планетаны ашып, ол Планетарлық орталыққа əлгі астероидқа ұлы ғалым Қ. Сəтбаевтың
есімін беруді өтінді. «2002 Сəтбаев» астероидының диаметрі 11 километрге жуық, ол Күнді
үш жыл жəне 3,7 айда толық айналып шығады, ал Жердің өзі бір жыл бес ай сайын əлгі кіші
планетаны қуып жетіп, қасынан өтіп отырады екен. «Сəтбаев» планетасын əрдайым Торпақ
шоқжұлдызынан көруге болады.
4 мəрте Ленин, 2-ші дəрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
1999 жылы сəуір айында Жезқазған қаласының бас алаңына академик Қ. Сəтбаевқа
ескерткіш орнатылып, алаңға оның есімі берілді.
2011 жылы 21 қазан күні Қарағанды теміржол вокзалының қарсы алдында Қаныш
Имантайұлы Сəтбаевқа орнатылған асқақ та алып ескерткіштің ашылу рəсімі өтті. Ескерткіш
облыс əкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясы арасында жасалған ынтымақтастық
меморандумы шеңберінде бөлінген қаржыға тұрғызылды. Ескерткіш авторлары – алматылық
сəулетшілер Дəурен Досмағанбетов пен Ольга Прокопьева. Композицияның жалпы биіктігі –
14 метр, қоладан құйылған мүсіннің биіктігі 5,4 метр. Тұғыры қызыл гранитпен қапталған.