Бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру саласы, қазақ халқының шамшырағы атанған Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл мерейтой тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Бір Аллаға сиынып,

Кел, балалар, оқылық.

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық! – деп халықты жаппай сауаттандыруға шақырып, жігер берген бұл өлең шумағы әр адамның есінде. Биыл – осы туындының авторы, қазақ даласының алғашқы ұстазы, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің дүниеге келгеніне 180 жыл толып отыр. Осыған орай, кітапхана төрінде «Ағарту ісінің апостолы» атты дөңгелек үстел өтті.

Ыбырай - қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогі, дарынды жазушы, қазақ алфавитінің негізін қалаушы, жалынды публицист, көрнекті қоғам қайраткері, ең алғаш қазақ балаларына ана тілінде мектеп ашқан, қазақ ұстаздардың ұстазы. Ыбырай - қазақ балалар әдебиетінің атасы.

Танымдық кездесу  ұлылар ұлағатын ұлықтау және қоғам қайраткері, ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуде студенттер Ы.Алтынсариннің ағартушылық педагогикалық қызметі тақырыбы бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, белсене қатысты.  Дөңгелек үстелде Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық тарихы және ұлттық мектеп қалыптастырудағы ерен еңбегі де назардан тыс қалмады.

Өз кезегінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Қалқаман Жақып Ы.Алтынсариннің бүкіл өмірін қазақ даласында бала оқытуға, мектеп ашуға арнағаны, оның өлеңдері мен әңгімелері қазақ жастарына тәлім-тәрбиелік мақсатта жазылғаны туралы ерекше атап өтті.

Шара барысында «Даланың дара ұстазы» атты кітап көрмесі таныстырылып, оқырмандар назарына ұсынылды.

Айта кетейік, дөңгелек үстелге Көп салалы гуманитарлы-техникалық колледжінің оқытушысы Тәшімбекова Назерке Мұсатайқызы мен Орталық-Қазақстан академиясының оқытушысы Сетпен Қуаныш та қатысып, ағартушы туралы тың ақпараттармен бөлісті.

Сонымен бірге,«Ұлы қазақтардың құпиялары мен тағдырлары. Ыбырай Алтынсарин» атты «Хабар» агенттігі дайындаған деректі фильмнен үзінді көрсетілді.

Дөңгелек үстелдің соңында кітапханашылар болашақ мұғалімдерге келешек ұрпақты жігерлендіріп, рухтандыру мақсатында даланың дара ұстазы Ыбырайдың ісін, асыл мұрасын келешек ұрпақ жалғастыру керектігін айтып, Ыбырай есімін әркез қастерлеп, оқуда озат болып, тек биік белестерден көріне берулеріне тілектерін білдірді.