Биыл ел тарихында елеулі орын алған, жарқын болашаққа  бастау болған Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясына 26 жыл. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңы атып, егемен ел болдық. Тәуелсіз мемлекетке айналдық. Конституция еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени, рухани ахуалы мен халық игілігі үшін қарқынды дамуына қажетті жағдайларды айқындап берді. Негізгі Заңда қоғамның ең жоғарғы құндылығы – адам, оның өмір құқықтары мен бостандықтары деп  көрсетілген.

Осы айтулы мереке қарсаңында кітапхананың оқу залдары бөлімінде  "Ата Заңым  - тұғырым" тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме төрінен "Қазақстан Республикасының Конституциясы"(Алматы  2010)  орын алған. Дала өркениеті де заңсыз өмір сүрмегені белгілі. Дау - дамайды бір ауыз кесімді сөз, кесек шешіммен реттеп отырған билер институты Конституцияға негіз болмады деп кім айтады? "Жеті жарғы" (Алматы 1992) – қазақ халқының көне ел, тарихы бар жұрт екендігін, заңды қастерлеген қауымдығын танытар ескерткіш. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың "Беласу" (2015) еңбегі халықаралық көкейтесті мәселелерді шешуге жолашарлық еткен күрделі алмағайып кезеңдерді ашып көрсеткен туынды. Кітапта Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сыртқы саясаттағы қызметіне  байланысты оқиғалар толық суреттеледі. "Мәдени мұра" сериясымен шыққан "Қазақтың  Ата Заңдары" (Алматы 2004) 10 томдық құжаттар, деректер, зерттеулер. Атақты төрт би :Майқы би, Төлеби, Қазыбек би, Әйтеке билердің ғұмырнамасы, ел басқару ел бірлігін сақтау саясаты, билік дәстүрлері жайлы сөз болады. Қ. Омархановтың "Дәстүрлі құқықтағы билер соты" еңбегінде автор бұрынғы өткен билерге мемлекет тарапынан жүктелген құқықтық міндеттер мен жауапкершілік, олардың әділдікпен атқарған турашылдығы жайлы жазған. "Қазақстан халқы" энциклопедиясы(Алматы 2016) біртұтас Қазақстан халқының әдет-ғұрпы, дәстүрі, мәдени және рухани құндылықтарының кеңдігін көрсететін туынды. Қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің Конституциясының өзіндік ерекшеліктеріне, еліміздің конституциялық заңдарының соңғы жетістіктеріне айрықша назар аударылған толымды еңбек Ғ. Сапарғалиевтің "Қазақстан Республикасының  конституциялық құқығы" (Алматы 2016) кітабы. С.А. Табанов "Құқықтық жүйелерінің Конституциялық негіздері"(Алматы 2017). Автордың туындысында  мемлекеттік билік жүйесі, адамның азаматтық, құқықтық жағдайы, жергілікті мемлекеттік басқару мәселелері назардан тыс қалмаған. Өмір сүру құқығының түсінігі, мазмұны және ұқсас ұғымдардың айырмашылығы, құқықты жүзеге асыруға қатысты кейбір мәселелер және олардың шешілу жолдары  жайлы жазылған еңбек Б. Үдербаеваның "Қазақстан Республикасындағы өмір сүру конституциялық құқығын жүзеге асырудың мемлекеттік – құқықтық механизмдері" (Алматы 2017) деп аталады.

Ел мен жерге, мемлекетке, мемлекет басшысына, тіпті өзіне деген құрмет, Ата Заңға деген құрмет пен мақтаныш сезімінен бастау алмай ма? Тәуелсіздігімізді нығайтып, жарқын болашағымызға жағдай жасап жатқан заңды білу, құрметтеу әр адамның парызы екендігін сөз ететін мақала  "Айбынымыз – ата Заң!"- деп аталды. Мақала 2020 жылдың № 64 санындағы Заң газетінде жарық көрген. "Егемен Қазақстан" газетінің 2020 жылғы № 164 санындағы "Мемлекеттің  мызғымас темірқазығы" атты мақалада автор А. Мұстабеков Конституция қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған тарихи оқиға болғандығы жайлы сөз етеді.

Әрбір азамат,  мемлекетіміздің тыныштығын сақтауға, бірлігін қорғауға, іргесінің сөгілмеуіне өз үлесін қоса отырып, Ата Заңды қадірлеуі тиіс.

Мереке құтты болсын, құрметті оқырман! Отанымыз тыныш, еліміз аман болсын!