Бейбіт күн тілегі: Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған әндер жинағы./ Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ; құраст. Б.З.Оспанкулова. – Қарағанды, 2020. – 60 б.

Тарих көші үнемі жаңарып, жаңғырып отыратын құбылыс. Десе де сол толассыз қозғалыста ұмытылмайтын, ескермейтін тарихи оқиғалар болады. Соның бірі – әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс. Оның қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де ешқашан ұмытпақ емес!
Әлемді дүр сілкіндірген оқиға 1941 жылы маусымның 22-де болған еді. Бірақ сол кездегі Кеңес елінің бірлігі мен қайтпас қайсарлығының арқасында 1945 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңіспен аяқталды.
Сол кездегі көп ұлтты совет халықтарының ғана емес, адамзаттың болаттай берік бұзылмас бірлігіне сын болған соғыстың жеңіспен аяқталғанына бүгінде 75 жыл толып отыр. Соған қарамастан, сұрапыл соғыс жылдары қалдырып кеткен іздер әлі күнге дейін өшкен жоқ.
Соғыс жылдарында жауынгерлерді рухтандыру үшін әндер шырқалды. Әрбір жауынгердің кеудесінде әндердің парақшалары сақталды. Әсіресе, ол іздер халықтың рухани азығы болған мұралар мен халықтың сол кездерде шыққан әндерінде айқын сақталған.
Қазақстан және Кеңес Одағының композиторларының патриоттық тақырыптағы әндері Ұлы Отан соғысының сол бір қаһарлы жылдары бізден ұзаған сайын тәуелсіздік үшін жасаған халқымыздың ерлігі асқақтай береді.
Қанмен жазылған жыр жолдарының жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор екендігі сөзсіз. Сондықтан да, екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында туған әндер халқымыздың жүрегінде мәңгі сақтала бермек!