Бейнелеу өнеріндегі таңбалар мен тотемдердің рәміздік мағынасы кеңінен жазылған еңбектер мен зерттеулер жинақталып "Көшпенділер мәдениеті. Қазақ халқының дәстүрлі өнерінің мәдени рәміздік негіздері" атты кітап болып жарыққа шықты. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрып, ұлттық киімдері, ою-өрнектері мен қолөнер-зергерлік бұйымдарының сақ (скиф) мәдениетімен байланысы зерттелген.

Бұл кітаптағы және бір құнды нәрсе - көшпенділердің этнографиясы, діні, ділі, тілі, жазу тарихы және бейнелеу өнерінің қазақ мәдениетімен тарихи сабақтастығы көрсетіліп, олардың рәміздік ұғымдары талданған. Ғылыми-танымдық еңбекте әлемдік мәдениетке өз үлесін қосқан көшпенділердің мәдениеті мен этнографиясы туралы мол мағлұмат берілген. Қазақстан, Европа, Ресей, Украина, т.б. ғалымдарының зерттеу жұмыстарына сараптама жасалған. Андрон, сақ (скиф), ғұн, түркі көшпенділердің этникалық топтарының материалдық мәдениетін зерттеп, Евразия құрлығында өмір сүрген көшпенділердің мәдениетінің заңды жалғасы ретінде қазақтарды, сондай-ақ түркі тобына кіретін халықтарды негізгі объект етіп қарастырған.

Кітап ғылыми қызметкерлерге, жоғары оқу орындарының оқытушыларына, докторанттар мен магистранттарға, сондай-ақ тарихты білгісі келетін, сырын ақтарғысы келетін барша қауымға арналған.

Құрметті оқырман, өздеріңіз байқағандай, тарихымыз, мәдениетіміз жаңа, өте құнды басылыммен толықты. Ендеше, "Көшпенділер мәдениеті. Қазақ халқының дәстүрлі өнерінің мәдени рәміздік негіздері" атты кітапты "Өнер туралы әдебиеттер бөлімінен" алып, танысыңыздар.

Біз Сіздерді асыға күтеміз. Тың деректермен, жағымды жаңалықтармен ең әуелі Сіздермен бөлісеміз, кітапсүйер қауым! Келіңіздер!