Өнер әлеміндегі әр жаңалықты қалт жібермей қарайтын көпшілік қауымға арналған тың хабар!

Назар аударыңыздар!

Сіздерге "Өнер туралы әдебиеттер бөлімі" қорына келіп түскен жаңа кітапты ұсынамыз. Белгілі карикатурашы, бірнеше халықаралық конкурстардың жүлдегері Ғалым Смағұлұлының еңбектері жинақталған "Карикатура" атты тұңғыш кітабымен таныс болыңыздар.

Суретті альбомға суретшінің 100-ге тарта туындысы енгізілген. Әр шығармасынан бүгінгі қоғамның бейнесін көреміз. Боямасыз дәл берілген суреттер оқырманды бей-жай қалдырмасы анық. Қоғамның өзекті мәселелерін ащы да өткір бояумен, ұшқыр қиялмен жеткізген. Күнделікті тіршілікте орын алып жататын оқиғаларды көз алдымызға өзгеше қырынан алып келеді. Бұл альбомнан суретшінің көптеген халықаралық карикатурашылар жарысында жүлделі орынға ие болған еңбектерін де көре аласыздар. Атап айтар болсақ, 2003 жылы Румынияның Бухарест қаласында 3-орын алған "Еркін тақырып", 2005 жылы Украина Киев қаласында Арнайы сыйлық пен медаль иеленген "Баспасөз бостандығы", 2006 жылы Алматы қаласында 3-орын алған "Баспасөз бостандығы", 2006 жылы Ресей Қазан қаласында Арнайы сыйлық алған "Дүниеде сен жалғыз емессің", 2006 жылы Украина Мариуполь қаласында 3-орын алған "Ас адамның арқауы", 2007 жылы Германияның Штутгард қаласында Ынталандыру сыйлығына ие болған "Эмиграт", 2007 жылы Сирияның Дамаск қаласында 2-орын алған "Сирия әлем көзімен", 2007 жылы Кореяның Тэджон қаласында Күміс жүлде иеленген "Еркін тақырып", 2010 жылы Люксембург Вианден қаласында 3-орын алған "Үй шаруасындағы ер адам", 2011 жылы Германия Берлин қаласында Арнайы сыйлыққа ие болған "Толеранттық және диктатура", 2011 жылы Иранның Тербез қаласында 1-орын алған "Қауіпсіз баспана" карикатуралары.

Қазақ карикатура саласының жаңа белеске көтерілуіне Ғалым Смағұлұлының сіңірген еңбегі өлшеусіз деп айта аламыз. Көңіл көзімен көріп зерделейтін – өнер кітабының жарыққа шыққаны шартарапқа сүйіншілеп хабарлайтын ерекше құбылыс. Ендеше, Сіздер де тың дүниеден хабардар болыңыздар, білім кеңістіктеріңізді өзгеше жаңалықпен толықтырыңыздар, құрметті оқырман!

"Өнер туралы әдебиеттер бөлімі"өздеріңізді асыға күтеді!  Келіңіздер!